Спорт

Александр Винокуровтың жүлдесі үшін жарыс

 

 

Бұл спортшылар өз істерінің шеберлері. Олар жарысқа алғаш рет қатысып отырған жоқ. Бұған дейін талай белестерді бағындырған. Бүгін велошабондаздарға мәре сызығын бірінші болып кесіп, Лондондағы 30 олимпиада ойындарының чемпионы Александр Винокуровтың бас жүлдесін жеңіп алуға мүмкіндік берілді. Жарыс жолына шыққан 15 спортшы алаңды 13 рет айналып өтулері тиіс. Бірінші айналымда соңғы болып келгендер ойыннан шығып отырды. Өйткені қойылған талап сондай. Әр айналымнан өткен сайын спортшылардың саны азайып отырды. Сөйтіп, спорт шеберіне үміткер Иван Поляков мәре сызығын бірінші болып кестті.

Иван Поляков, спорт шеберіне үміткер:
 – Жеңіске жету оңай болған жоқ. Өйткені бәрі де мықты. Әйткенмен соңғы айналымда алға шығып жеңіске жеттім. Оған өте қуаныштымын.

Екінші болып Никита Сапунов келді. Ал, үздік үштікті Мейрамбек Тұрғұнбеков қорытындылады. Мейрамбектің спорттың бұл түрімен айналысып жүргеніне 4 жыл. Ол Олимпиада чемпионы Александр Винокуров сияқты болғысы келетінін айтады.

Мейрамбек Тұрғұнбеков, спорт шеберіне үміткер:
 – Бірінші орынға ие болам ба дегем, бірақ осыған да қанағат. Бұл жолы болмаса, келесі жолы бас жүлдені жеңіп алуға барымды саламын. Мен Лондондағы олимпиада ойындарын үзбей теледидардан қарап отырдым. Біздің Александр Винокуров бірінші болып ел қоржынына алғашқы алтынды салғанда, қуанышымда шек болмады.

Үш спортшы да Александр Винокуровтың сыйлығы велосипедке ие болды.

Гүлбану Ахметова