Бизнес және экономика

“Бизнестің жол картасы -2020”


 

Жеке ісін кеңейтемін деген кәсіпкерлерге “Бизнестің жол картасы 2020” бағдарламасы үлкен демеу. Мемлекеттің қолдауымен кәсібін дөңгелетуге ниетті болған өңіріміздің іскер азаматтарының біршамасы бұған іс жүзінде көз жеткізіп көрді. Бұл жолы өңірлік үйлестіру кеңесіне ұтымды бастамаларын ұсынуға 17 солтүстікқазақстандық келіпті. Тың жобалардың жалпы құны 666 млн теңге.

Ирина Суворова,  “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры СҚОФ директоры:
– 11 жоба бағдарламаның бірінші бағытына қатысты қаралатын болады. Олардың бастамалары екінші деңгейлі банктің қолдауын тапты. Көбі қаржы институтынан 14 пайыздық үстемемен несие алатын болады. Ұсынылған жобалар мемлекеттің қолдауына сәйкес келе ме
, жоқ па бүгінгі арнайы кеңестің отырысында қаралады. Жоба өтсе, жылдық үстемеақының 7 пайызын мемлекет өтемек.

“Серпак” ЖШС бұл тамаша мүмкіндікті пайдаланып қалуға асық. Кәсіпорын 2 жылдан бері пластикалық қапшықтарды әзірлеумен айналысады екен. Шығарылатын өнімдеріне деген сұраныс арта түскесін серіктестік өндірісті кеңейтуге бел буыпты. Бұл мақсатта кәсіпорын басшысы Николай Ефремов “БТА” банкінен 8 пайыздық үстемемен несие алған. Мемлекеттің қолдауы болса, кәсіпкер жылдық үстеме ақының 1-ақ пайызын ғана төлейді.

Николай Ефремов, “Серпак” ЖШС директоры:
 – Мен кәсіпорынның шығарылымын арттырып қосымша қондырғылар алмақпын. Бизнесімді дамытуға 70 млн теңгенің жобасын ұсынып отырмын. Өндіріс артқасын жаңадан 4 жұмыс орны ашылады.

Отырыста сондай-ақ бағдарламаның өндірістік инфрақұрылымын дамыту бағыты бойынша 2 өтініш қаралды. Енді бір агроқұрылым жетекшісі бағдарлама аясында лизингке техника алуға ниетті екенін танытты. Егер бұл жобалар іске асатын болса, 50 адам жұмыспен қамтылмақ.

Жеңіс Ермұқанов