Қоғам

Олимпиада чемпионы Александр Винокуров өңіріміздің белсенді жастарымен кездесті

 

 

 

Олимпиада жеңімпазы Александр Винокуров алдымен велоспорттан облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен жүздесті. Александр 98 жылы құрылған  спорт мекемесін аралап көріп, ізбасарларына құнды кәсіби кеңестер берді.

 Александр Винокуров, Олимпиада ойындарының чемпионы:
– Мен бұл спортқа келгенде үш балаға бір ғана велосипед берілетін. Сендерге жасалып жатқан жағдайларды өз көзіммен көріп қуанып қалдым. Материалдық базаларың жаман емес. Кәсіби жаттығамын деушілердің өзі мін таба алмайды. Бұл мүмкіндіктердің қызығын тек еріншек бала ғана көргісі келмейтін шығар. Сендерге тек бапкерді тыңдап белестерді бағындыруға ұмтылу керек.  

Бүгінде өңірімізде 300-ге тарта жас велоспортпен айналысады екен. 20 әуесқой Ұлттық құраманың сапында ел намысын қорғап жүр. 6-уы бастамаларын кәсіби деңгейге жеткізіпті. Белгілі спортшының өнеріне табынушы жастар арасында пір тұтар ағаларының жолын қайталаймын дейтіндері баршылық. Илья Кочетковтың аталмыш спортқа келгеніне 2-ақ жыл. Винокуровтың жеңісінен қанаттанған 11 жасар жігерлі өрен алдына үлкен мақсаттар қойып отыр.

Илья Кочетков, велошабандоз:
Александр Винокуров та мен сияқты жастайынан спортқа құмар болды. Ендеше менің де осындай үлкен белестен көрінуіме болатынына сенемін. Мен де өзгелерге үлгі болғым келеді. Ол үшін тынымсыз жаттығып жатырмын. Облыс деңгейіндегі алғашқы жеңістерім де жоқ емес. Мақсатым жетістігімді еселеп әлемге танылу.  
 
Қазақстандықтардың рухын көтеріп, айбынын асқақтатқан велошабандоз  бұдан кейін М. Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің  бассейнін аралады. Су кешені халықаралық талаптарға толықтай жауап береді. 2 мультимидиалық оқыту сыныбы бар. Мұнда жиналған оқытушылар қауымы мен студенттер чемпионмен бірге соңғы жеңісті сәтті тамашалады. Халықаралық дәрежедегі спорт шеберінің қолтаңбасын алып, естелік фотосуретке түсті. Ал “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалында Александрді жастар қоғамдық ұйымдарының белсенділері қарсы алды. Кездесуге жиналғандар жеңімпазға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды. Көпшілікті қызықтырған сауал -Александрдің табыс кілтінің құпиясы қандай.

 Александр Винокуров, Олимпиада ойындарының чемпионы
Ең бастысы алдыңа мақсат қоя білу керек. Діттегеніңді еш уақытта орта жолда аяқсыз қалдырмау керек. Әрине аңсаған арманға жетуде біршама белестер кездеседі. Осындай қиын тұстарда шыдамдылық танытқан жөн. Қиындыққа мойымай іспен жеңген ғана қашанда көздегенін табады. Бастысы әрине қажымай еңбектену. Менің өмірлік ұстанымым осы.  

Ұлт мақтанышы Винокуровтың кәсіби өмірбаяны толағай жеңістерге толы. Оның ел спортына сіңірген ерен еңбегін ешкім жоққа шығара алмайды.

Жеңіс Ермұқанов