Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық әкімдікте өткен отырыста аудандар басшыларына кемшіліктерді тез арада жою тапсырылды


 

Елбасы Солтүстік Қазақстан облысында жалақы мөлшері төмен деген сын айтып, жағдайды түзеуге облыс әкіміне тапсырма берген болатын. Аймақ басшысы аудандар активін жинап алып, әрбіреуінен есеп сұрады. Мамлют ауданының бюджеті 7 айдың ішінде тек 52 пайызға ғана толыққан. Мұндағы кейбір агроқұрылымдар басшыларының салық төлеуден жалтарғысы келгені байқалады. Өйткені кәсіпкерлер декларацияда жұмысшылар санын  азайтып көрсетіп отырған.  Мысалы, құжатта “Беловка Агро” ЖШС-нде 2 адам ғана істейді деп жазылған. Ал, шындығында 7 жұмысшы еңбек етеді екен. “Андреевка СК” серіктестігінде жалақы 32 мың теңге ғана, бұл облыстық деңгейден екі есеге аз. Өңір басшысы Серік Біләлов агроқұрылымдар жетекшілеріне тек өз қамын ойлап ақшаны қалтаға баса бермей, қарапайым халыққа   көңіл бөлу қажеттігін ескертті. Сонда сапа өседі, ұрлық кемиді. Сондай-ақ ауданда “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасының іске асуы да ақсап қалған.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

Не себептен “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасына қатыспайсыздар? Мен сіздерге 10 жобаны іске асыру туралы тапсырма беріп едім ғой. Ал жүзеге асқаны 2-еу ғана. Аудан әкімі жоспарды толығымен орындаймын деп сөз берген болатын.

Серік Біләлов аудан активінің 7 ай ішінде атқарған жұмысын қанағаттанғысыз деп бағалап, қайтадан тапсырма берді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Бюджет 100 пайызға толығу қажет. Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасы аясында барлық шараларды қолға алыңыздар. Тапсырманың орындалуын тура 1 айдан кейін тексеремін. Орындалмаған жағдайда аудан әкімдерінің орынбасарларын қызметінен босатамын.

Экономикалық көрсеткіштердің төмендеуі, аз жалақы, табысты жасыру Жамбыл ауданында да кездеседі. Серік Біләлов аудан активінің жұмысын қатты сынға алып, жағдайды тез арада түзеуді баса айтты. Жиында, сондай-ақ, жұмысшыларының еңбегін бағалау туралы да сөз болды. Өңір басшысы Серік Біләлов барлық агроқұрылымдар басшыларына “Масло-Дел” компаниясының Петропавлдағы филиалы жетекшісінен үлгі алып, барлық кәсіпорындар мамандарын Конституция күні мерекесіне орай сыйақымен марапаттауды тапсырды.

Данаш Хамзина