Бизнес және экономика

“Масло-Дел” өнім өндіру көлемін арттыруда

 

 

 

Ата заң қабылданған күн – ел халқы үшін аса мәртебелі мереке. Осы айтулы күнде «Масло-Дел Петропавл» кәсіпорыны жұмысшыларын қуантпақ. Серіктестік басшылығы қол астындағыларға жалақыларына қосымша сыйақы бермекші.

Тамара Михайлова, «Масло-Дел Петропавл» ЖШС директоры:
– Біз мемлекеттің қолдауының арқасында өз ісімізді ашып, жұмыс істеп жатырмыз. Мақсатқа жетуде кәсіпорын ұжымының қосқан үлесі зор.  

«Масло-Дел Петропавл» серіктестігі 1998 жылы жұмысын бастаған болатын. Қазір ол өңіріміздегі ең ірі сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың біріне айналды. Алғашында 5 тонна сүтті өңдейтін. Қазір өндірістің қуаттылығы 26 есеге артып отыр. Серіктестік 1 тәулікте 130 тонна сүт  қабылдайды. Оны қайта өңдеп, сүт тағамының 50-ге жақын түрін өндіреді. Ең алғаш рет мұнда 20 жұмысшы ғана еңбек еткен. 14 жылдың ішінде серіктестік тұрақты және белсенді дамыған кәсіпорындарының қатарына енді.

Тамара Михайлова, «Масло-Дел Петропавл» ЖШС директоры:
Жақында ғана Елбасының барлық қазақстандықтарды еңбек етуге шақыратын мақаласы жарық көрді. Елімізде еңбек етіп, адам болам деген адамға жол ашық. Мемлекеттің қолдауы да күшті. Осыны жастар түсінсе, біздің бастаған ісімізді жалғастырып, ел дамуына өз үлестерін қосса деймін.  

Елена Ахметжанова – зертхана меңгерушісі,  кәсіпорындағы еңбек өтілі 10 жылды құрайды. Елена зауытқа жеткізілген сүттің құрамын зерттеп, сапасын анықтайды. Бұл үлкен жауаптылықты қажет етеді дейді ол.

Елена Ахметжанова, «Масло-Дел Петропавл» ЖШС зертхана меңгерушісі:
Басында жұмысқа орналасқанда маған бәрі қызық болды. Ол кездері аз өнімді қайта өңдедік. Уақыт өткен сайын әр түрлі өнімдерді өндіруді жоспарлап, жүзе асыра бастадық. Мұнда тек сүтті қайта өңдеп қана қоймай, сапасын, майлылығын, құнарлылығын анықтаймыз.

Өндіріс жыл өткен сайын қуатын өсіріп, мүмкіндіктерін кеңейтуде. Жақында олар сағатына 8 тонна қоюлатылған сүт өндіру жабасын іске асырмақ. Әзірге күніне 100 тонна өнім еліміз бен Қырғызстанның сауда орындарына жеткізілуде. Енді Қытай нарығына шығу жоспарда бар. Ел экономикасының дамуы әлеуметтік саланы көтеруге де жол ашты. Қазақстанды қазір әлем таниды. Жақында Лондонда өткен олимпиададағы ел спортшыларының жеңістері соған дәлел.

Тамара Михайлова, «Масло-Дел Петропавл» ЖШС директоры:
Еліміздің спортшылары олимпиада ойындарында бірнеше медальдарды қанжығасына майлады. Біз олардың жеңіске жететіндеріне сенімді болдық. Жеті алтынды жеңіп алғандары бірінші рет. Сондықтан да спортшыларымыз алған беттерінен таймасын. Біз оларды әрдайым қолдаймыз.

Бүгінде елімізде «Масло-Дел» ЖШС 19 филиалы жұмыс істейді.

Гүлбану Ахметова