Қоғам

Петропавлда ардагерлер ұйымдарының өңіраралық семинар-кеңесі өтіп жатыр

 

 

Бүгінгі жиында еліміздің төрт өңірінің ардагерлер ұйымдарының өкілдері бас қосып отыр. Айту керек, мұндай кездесу алғаш рет өтуде. Аға буын өкілдері өзара тәжірибе алмасып, түйіткілді мәселелерді шешу жолдарын талқыламақшы. Шынымен де, қарт адамдардың өмірлік тәжірибесі мол. Өскелең ұрпаққа айтар ақылы, берер кеңесі, көрсетер жолы дұрыс. Әлбетте, бүгінгі жетістіктеріміздің баршасы – ардагерлердің ерен еңбегі мен қажырлы жігерінің арқасы деді жиында сөз алған облыс әкімі. Олар осы күні де егеменді еліміздің өсіп-дамуына өз үлестерін қосып келеді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Тәуелсіз Қазақстанның даму жолында аға буынның рөлі ерекше. ҚР Президенті өз жолдауында зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуды басты жолға қойып отыр. Егеменді еліміздің өркендеуі мен жастардың рухани дамуына қосып жатқан еңбектеріңіз үшін алғысымыз шексіз.

25 жыл бұрын ардагерлер бір ұйымға бірігіп, содан бері ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп келеді. Ардагерлер ұйымдары қарт адамдардың құқықтары мен мүдделерін қорғап, оларға материалдық және моральдық қолдау білдіріп қана қоймай, мемлекеттің саяси-қоғамдық өміріне белсенді араласып жүр. Олар еліміздегі тұрақтылық пен татулықты нығайтуда, өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеуде де мықты тірек болып отыр. Бүгінгі күні біздің облыста 690 бастауыш ардагерлер ұйымы жұмыс істейді. Олардың қатарында 90 мыңнан астам қария бар.

Ескендір Елеусізов,  облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
Жергілікті атқарушы билікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейміз. Соғысқа қатысқандар, негізінен баспанамен қамтылған. Тыл еңбеккерлеріне де ұдайы көмек көрсетіледі. Биыл жалғысбасты зейнеткерлерге 11 млн. теңгенің жәрдемі жасалды. Облыс орталығында үш мыңнан астам қария тұрғын үй коммуналдық қзыметтің ақысын төлеуде жеңілдікке ие. Әлеуметтік дәріханалар бар, “Әлеуметтік такси” жұмыс істейді.

Сондай-ақ биыл мерейтойға орай облыстық және аудандық ардагерлер кеңестеріне бір-бір жеңіл автокөлік берілді. Қазірде облыстық ұйымға жеке ғимарат бөлу мәселесі қаралып жатыр. Дегенмен, әлі де шешуін күтіп тұрған мәселелер баршылық. Орталық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменов алдағы күннің маңызды міндеттерін атап көрсетті. Өскелең ұрпақ тәрбиесіне үлкен көңіл бөлген жөн. “Жұмыспен қамту -2020” бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысып, бастауыш ұйымдарға серпін беру қажет. Сондай-ақ қарт адамдарды қамқорлық пен ықыласқа бөлеу де – маңызды міндеттердің бірі.

Қайырбек Сүлейменов, “Ардагерлер ұйымы” РҚБ орталық кеңесінің төрағасы:
Қариялардың ешбірін назарсыз қалдырмау керек. Әйтпесе, бір адамдарға ғана үнемі құрмет көрсетіледі де, өзгелері ұмыт қалып жатады. Осы олқылықтың орнын толтыру қажет. Қоғам өміріне белсене араласып, маңызды оқиғалардан шет қалмағанымыз жөн.

Сонымен, аға буын ел игІлігі, халық мүддесі жолында аянбай еңбек етуге әзірлік танытып, белді бекем буып отыр. Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қадам басуда аға буынның да жауапкершілігі зор. Ал қарттарға жасап отырған үлкен қолдауы үшін облыс әкіміне Қайырбек Сүлейменов орталық ардагерлер кеңесінің құрмет белгісін табыс етті.

Айымгүл Әбілева