Аптадағы маңызды жаңалықтар

Олимпиада жеңімпазы Александр Винокуров – туған жерде

 

Теріскейдегілердің ыстық ықыласын Александр Винокуров ұшақпен қонбастан бұрын-ақ сезген болар. Әуежайдың маңы халыққа толы, ине шаншар жер жоқ. Бәрі де олимпиада чемпионын   тағатсыздана күтуде. Ұлы жеңісінен кейін араға аз уақыт салып Александр кіндік қаны тамған киелі СҚО топырағын басты.
Халық аузынан түспей қойған мерейлі сәтті қанша қайталап айтсақ та орынды. Серкеміз бұған лайық. Алтын алқадан тізілген жеңісті жолды ғаламдық тартыстардың алғашқы күнінде өңірімізден түлеп ұшқан сайыпқыран велошабандоз Александр Винокуровтың бастап кеткені баршаға мәлім. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар кілең мықтының алдын орап, 250 шақырымда қарсыластарын шаң қаптырған сәтте бөркін аспанға атпаған отандасымыз жоқ шығар.

Александр Винокуров, Олимпиада ойындарының чемпионы:
– Бұндай ірі жеңіспен туған жеріме оралу бақыты бұйырды.
Спортта бабы мен бағы қатар шапқан озады. Тіпті өз күшіңе сенген жарыстарда ойламаған жерден сүрініп жатасың. Біз әрине тек жеңіс үшін бардық. Басқа нәтижені күтпедік те. Бірлескен жұмыс сәтті аяқталып отандастарыма алтын алқа сыйлағаныма өте қуаныштымын.

Құрметті жерлесімізді ұлықтау автошеруден бастау алды. Александр барша әлемге желбіреткен көк туымызды байлап, қаз- қатар тізілген көлік нысандары облыс орталығына бет алды. Сап түзеген көліктер “Солтүстіктің жұлдызы” стеласына жеткенде, шеруге жас велошабандоздар қосылды. Белгілі спортшының өнеріне табынушы жастар арасында пір тұтар ағаларының жолын қайталаймын дейтіндері баршылық.

Евгений Шумаков, велошабандоз:

– Александрдың жеңісі бізді қанаттандыра түсті. Олимпиада чемпионы болуды армандамайтын спортшы жоқ шығар. Мақсатым оның ерлігін қайталау. Біз Виниді мақтан тұтамыз.

Олимпиада майталмандарын мадақтау шаралары орталық алаңда жалғасын тапты. Жиналған қауым атақты велошабандоздың қолтаңбасын алып, естелік фотосуретке түсуге асық. Мыңдаған жанкүйерлердің қуанышына облыс әкімі Серік Біләлов ортақтасты. Ел мақтанышы Александр Винокуровқа өңір жетекшісі Құрмет грамотасымен қоса «Джип» маркілі автокөліктің кілтін тарту етті. Үлкен тартыста қазақ елінің намысын арқалаған желаяқ Маргарита Мұқашеваға 300 мың теңгенің сертификаты табысталды. Лондонда үш адымдап секірген Евгений мен Ирина Эктовтарға 150 мың теңгеден сыйақы берілді.   Жеңілатлет саңлақтарды тәрбиелеген жаттықтырушыларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы табысталды. Чемпионды баптаған Сергей Кручинаға 1,5 млн теңгенің сертификаты тапсырылды.

 

Сергей Кручина, Александр Винокуровтың жеке жаттықтырушысы:
– Александр түрлі кәсіпқой командалар сапында өнер көрсетіп, көптеген халықаралық жарыстарда топ жарды.
“Тур де Франс”, “Вуэльта” және “Джиро де Италия” көпкүндіктерінде жасындай жарқырады. Сидней Олимпиадасында күміс медальді мойнына ілсе, әлем чемпионаттарында бірнеше рет алтын олжалады. Енді міне тәрбиеленушімнің ең биік белестен көрінуі мен үшін баға жетпес бақыт.

Александр Винокуров –  спорттың бұл түрінде Олимпиада ойындарының жеңімпазы атанған ТМД-ның алғашқы өкілі.   
Александрдың спорттық жолы қиындықтарға толы болды. Соны жеңе білген толағайымыз бүгіні жетістігіне риза.

Александр Винокуров, Олимпиада ойындарының чемпионы:
«Тур-де-франстағы» жарақатымнан тез айығу оңай болмады. Кейін айып тағып 2 жылға үлкен спорттан ығыстырып тастады. Қайтып оралу қолымнан келгені жанкүйерлерімнің ыстық қолдауының арқасы. Сіздерден қуаттандым. Намысты қайрап берілген мүмкіндікті қалт жібермеуге тырыстым.

Саңлағымыз қалың жұрттың таңдайын қақтырып, ел аманатын мойынымен көтеріп ерледі. Майталман шабандоздардың біріне еш мүмкіндік қалдырмай сөзсіз үздік атанып, үкілі үміт ақталды. Міне біздің Вини осындай.

Жеңіс Ермұқанов