Қоғам

Ардагерлер Тайыншада болды

 

 

 

Ақмола облысының ардагерлерін тайыншалықтар дәстүр бойынша ас атасы – нанмен қарсы алды. Екі жақты жылышырайлы кездесуден кейін, ардагерлер делегациясы ҰОС ардагерлеріне арналған «Жеңіс» саябағына соғып, ескерткіштерге гүл шоқтарын қойды. Кейін құрметті меймандар аудан әкімі Иван Турковтың қабылдауында болды. Онда ардагерлер аудан басшысынан ауыл өмірінің жалпы тыныс-тіршілігі, жасалып жатқан игі бастамалар мен әлеуметтік жобалар жайлы естіп білді.

Иван Турков, Тайынша ауданының әкімі:
Қарттар күнінде ешкім назардан тыс қалмайды. Аға ұрпақ өкілдеріне отын, көмірмен әрі ақшалай көмек көрсетеміз. Бұл бағытта бізде шешілмеген мәселе жоқ.

Аудан әкімімен болған кездесуден кейін  ардагерлер Тайынша орталық ауруханасына соқты. Мұнда қонақтар емдеу мекемесінің бөлімшелерін аралап, жылжымалы медициналық кешеннің жұмысын көрді. Кейіннен ардагерлер балалар өнер мектебіне соқты. Хореография залы мен арнайы аспаптар үйірмелері көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Ақмолалықтардың назарынан «Болашақ» бөбектер бақшасы да тыс қалмады. Мұнда бүлдіршіндердің 5 тобы қазақ тілінде оқыса, қалған 7 тобы орыс тілінде тәрбиеленуде. Ал Қарттар мен мүгедектерге арналған жалпы үлгідегі «Надежда» интернат-үйі ардагерлер ат басын бұрған соңғы мекеме. 120 адамды қамқорлығына алған интернат 2004 жылы бой көтерген. Меймандар жалпы ауданның әлеуметтік-мәдени өмірін дамыту үшін атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Алдағы уақытта да осындай кездесулер жиі өткізілсе деген тілектерін де жасырмады.

 Шапай Әбутәліпов, Ақмола облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Республикалық ардагерлер кеңесі Солтүстік өңір ардагерлерінің бас төрағаларын жинап, Қызылжарда үлкен мәжіліс өткізейін деп жатыр. Ол мәжілісте біз әрмен қарай жұмыстарды түзету, арттыру сұрақтарын қозғаймыз. Біз бүгін міне Тайынша ауданынан бастап, көріп жатырмыз. Ауданда ардагерлер кеңесі үлкен жұмыс істеп жатыр екен. Халық үшін жасалып жатыр бәрі.

 Әспет Әбдірешова