Ауыл шаруашылығы

Айыртаулық диқандар мол астық алуды көздеп отыр


 

«Жарқын СК» ЖШС-нің егін алқаптарында қазірде жұмыс қызу. Биыл шаруашылықта 20 мың гектар жерге бидай егілген. Астық шығымы жаман емес. Гектар берекелігі 21 центнерден айналуда.

Азамат Елмағанов, «Жарқын СҚ» ЖШС директоры:
Биыл қиын жыл болды. Ыстыққа қарамастан жаңа технологиялардың арқасында жақсы астық алып жатырмыз.

Орақ науқанына алғашқылардың бірі болып «Жер ана» серіктестігі де кіріскен. Бүгінде 2000 гектар алқаптағы егінді дестеге түсіріліп, 400 гектар жердегі дән бастырылған. Мемлекет көмегінің арқасында егін орағы тиянақты, жоспарға сай жүргізілуде дейді шаруашылықтың бас агрономы.

Игорь Захаров, «Жер ана» ЖШС агрономы:
Жұмыстың қарқынды жүруі қаржылық және техникалық қолдаудың арқасында іске асып отыр. Биыл бізге 360 тонна селекциялық дәндер берілді. Егіс алқаптарына 384 тонна тыңайтқыш септік. Жанар-жағармайымыз жеткілікті.

Былтыр теріскейлік диқандар рекордтық астыққа қол жеткізген кезде бидайды сақтау мәселесі туындаған еді. Бұл проблемаға биыл қайта тап болмас үшін айыртаулықтар қазірден бастап қамбаларын жаппай босатып жатыр. Мәселен, сыйымдылығы 116 мың тонна элеватор әзірге 60 пайызға бос. Бұйыртса, 1 аптадан кейін биылғы астықты қабылдауға дайын болмақ.

Бейболат Бақытжанов, «Айыртау элеваторы» ЖШС директоры:
Бүгінгі күнге дейін 15 жеке шаруашылықпен келісім-шартқа отырдық. Алғашқысы алдымыздағы күндері астығын әкелмек. Қамбаларымыз оған дейін дайын болмақшы.

«Ключи» шаруашылығында да биыл егін бітік шыққан. Сұлы алқаптарында гектар шығымдылығы 22 центнерден болса, арпаны диқандар гектарынан 20 центнерден жинауда. Дәнді дақылдар 4000 гектар жерге егіліпті.

Сейілбек Махметов, «Ключи» ЖШС бақылау кеңесінің төрағасы:
Егін жаман емес. Орташа егін бар. Бүгінгі күнге дейін 50 пайызын жықтық. Ауа райы жақсы. Уақытында жинап аламыз деп ойлаймыз.

Шаруалардың ынтасын арттыру үшін Айыртау ауданында байқау өткізіледі. Апта сайын үздік комбайншы, жүргізуші, тракторшы анықталады. Ең мықты комбайншы атағына бірден-бір үміткер Евгений Мелешин.

Евгений Мелешин, комбайншы:
8 сағаттан екі ауысым бойынша жұмыс жасаймыз. Күніне әрбіреуімізге 40 гектар алқаптағы егінді жинауды міндеттесе, біз оны асырып 45-50-ге дейін жеткіземіз.

Айыртаулық диқандар егінді уақытында жинап алуды көздеп отыр.

Материалды «Қазақстан-Петропавл» арнасының тілшілері әзірледі