Білім

Ұстаздар білімдерін жетілдірді


 

Педагогтардың кәсіби біліктілігін шыңдау курстары сәуір айында басталған. Ұстаздарды білім беруге деген мүлдем жаңа көзқарас пен тың әдістемеге үйрететін 4 тренер республикалық педагогикалық шеберлік орталығында арнайы дайындықтан өтіпті. Кейін 4 топ құрылып, жергілікті мұғалімдер курстың бағдарламасын меңгеруге кіріскен.

Бақыт Нұрышева, облыстық педагог кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының аға оқытушысы:
– Бағдарлама 7 модульді қамтыған. Онда дәстүрлі сабақтарға өзгерістер енгізу қарастырылды. Оқушының өзінің ізденуіне жол ашу- басты мақсат.

Олжас Жақыпов – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің география пәні мұғалімі. Жұмысына осыдан 5 жыл бұрын кіріскен жас маман курстардың берері мол дейді. Қиын тұстары да жоқ емес.

Олжас Жақыпов, Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің мұғалімі:
– Ерекше қиын кезең мектептегі тәжірибе алмасу кезеңі болды.
Ал үшінші кезеңде қорытынды жасадық.   Жалақымыздың 30 пайызға артатынына қуаныштымын.

Жалпы курстарға қатысқан 110 мұғалімнің 106-сы оны сәтті аяқтады. Ауқымды курстардың бірқатар ерекшелігі бар. Тыңдаушыларға материалдарды көшіруге тыйым салынған. Олар тек өз тәжірибесі мен біліміне ғана сүйене алады. Ақпараттық-коммуникативтік технологияны меңгерулері де ерекше маңызды.

Айна Қарабатырова, облыстық мұғалім кадрлардың біліктілігін арттыру және қайта даярлау институтының директоры:
Мұндай курстар елімізде бірінші рет ұйымдастырылып отыр. Оған облыс орталығымен қатар аудан мектептерінің мұғалімдері де белсенді қатысты. Курс соңында ұстаздар қиын сынақ тапсырды. 38 сұрақтан кем дегенде 20 ұпай жинау керек болды.  

Бұл сынақтан өте алмаған мұғалімдер келесі жылы қайта тапсыру мүмкіндігіне ие болмақ.

Инеш Шоқақова