Спорт

Тамыздың 23-де Александр Винокуров Петропавлға келеді


 

7 саны қазақта қашанда киелі. Олимпиадада әнұранымыз осынша рет әуелеп, көк туымыз өзгеден биік желбіреді. Алтын алқадан тізілген жеңісті жолды ғаламдық тартыстардың алғашқы күнінде СҚО топырағы түлетіп ұшырған сайыпқыран велошабандоз Александр Винокуровтың бастап кеткені баршаға мәлім. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар кілең мықтының алдын орап, 250 шақырымда шаң қаптырған сәтте бөркін аспанға атпаған отандасымыз жоқ шығар. Ұлт мақтанышы тамыздың 23-і күні жетістігімен туған топырағында жерлестерімен бөлісетін болады.

Руслан Есеналин, СҚО туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы:

– Қазір еліміздің жер-жерінде олимпиада жеңімпаздарын ұлықтау салтанаттары жүріп жатыр. Барша қазақ елінің үкілі үмітін ақтаған Александрдың жерлестері де бұдан шет қалмайды. Ол ұшақтан түсе сала әуежайдан Жамбыл, Пушкин, Кәрім Сүтішев, Евней Бөкетов, Интернационал көшелерімен авто және вело шеру  ұйымдастырылады.  

Қарсыластан қаймықпай, қалың жұрттың таңдайын қақтырған саңлақтың құрметіне орталық алаңда сахна құрылады. Ол маңда Александрды қуанышқа ортақтаса келген жанкүйерлері қарсы алады. Мерекелік концертте өңіріміздің үздік өнер ұжымдары құттықтауларын ән- жырмен жеткізетін болады. Кейін Олимпиада чемпионы кіндік қаны тамған Қызылжаур ауданындағы Бескөл ауылында жерлестерімен жүздеспек.

Жеңіс Ермұқанов