Қоғам

Жер қойнауын пайдалану мәселесі бойынша сараптама комиссиясының отырысы өтті



 

Кен пайдалану мәселелері қаралған сараптама комиссиясының отырысына облыс аумағында кең таралған пайдалы қазбаларды барлап және өндіретін 5 компания өкілі келді. “Сарыбай-Инвест” ЖШС – негізінен тас өндірумен айналысатын кәсіпорын. Ақжар ауданындағы Талшық учаскесін бір жыл бойы зерттеген олар құрылыс тастарының мол қорын тапқан. 21 млн текше метр ұсақ тастың жылына 250 мың тоннасын өндіреміз деп сарыбайлықтар жоспарлап отыр. Алайда  әлі іске кірісер емес. Берілген 3 жылда жұмысты бастамаған олар мерзімді тағы да бір жылға шегеруді сұрап отыр.

Қайрат Бекенов, сараптама комиссиясының төрағасы, облыс әкімінің орынбасары:

– Экономика дамуы керек, өндіріс тоқтамау қажет. Уақыт созбай істі бастайтын кез әлдеқашан туған. Жұмыс жасағыларыңыз келмесе, бұл орынға қызығып жүрген басқа кәсіпкерлер бар. Сіздердің іс-әрекеттеріңізді жіті бақылайтын боламыз.

Жұмыстың тежелуін “Сарыбай-Инвест” ЖШС-ң өкілі Берік Беркінбай ұсақ тасқа деген сұраныстың төмендігімен және сайман-құралды сатып алу қажеттігімен түсіндірді.
Уәлиханов ауданындағы Қайрат елді-мекенінде ас тұзын шығаратын “Жақсытұз” ЖШС-ң директоры Ерік Әзенов пайдалы қазбаны барлаудың ескі жұмыс бағдарламасын жаңартуды сұрай келіпті. Өйткені, құжаттағы сандар мен нақты көрсеткіштер сәйкес келмей жатыр екен.

Ерік Әзенов, “Жақсытұз” ЖШС директоры:

-2008 жылғы жұмыс бағдарламасының үлгісі ескірді. Ал  2009 жылы біз жаңа өңдеу жобасын ойластырдық. Осыдан сандар сәйкес келмеуде. Қаржы-экономикалық көрсеткіштерге сараптама комиссиясының келісімі қажет.

«Қайрат» кен орнындағы ас тұзы 30 жылға жетеді дейді кәсіпорын директоры Ерік Әзенов. Серіктестік шикізаттың жартысын Степногор қаласында қайта өңдесе, қалғанын Ресейдің Омбы қаласына жібереді екен. Енді жақын маңнан өңдеу цехын ашуды жоспарлауда. Комиссия төрағасы Қайрат Бекенов бұл істі қолдайтындарын айтты.
Сондай-ақ, сараптама комиссиясының отырысында құм-қиыршық тас қоспасы мен балшықты барлау және өндірумен айналысатын кәсіпорындардың мәселелері қаралды.

Данаш Хамзина