Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құрғақшылыққа қарамастан, Қызылжар ауданында астық шығымы жақсы

 

 

Большая Малышка ауылындағы агроқұрылым басшысы Ерғали Ғабдулин Елбасының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” мақаласы ерекше   жігер бергенін айтады. Бұл құжатта ерінбей еңбек ету мен жұмыс жасауға жағдай туғызу жайлы жазылған. Үкімет тарапынан көрсетіліп отырған қолдауды Ерғали Ғабдулин нақты сезінеді. Бұл – шындық. Өйткені, ол мемлекеттің көмегі мен еңбектің арқасында егіс алқабын қуаңшылықтан аман алып шықты.

Ерғали Ғабдулин, “Большемалышенское” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Еңбек әрқашан дәулеттің қайнар көзі болып қала бермек. Еңбек табыс әкеледі, ерінбесең отбасы мен мемлекет ішінде молшылық болады. Диқандар үшін бар жағдай жасалған, тек жұмыс істей білу қажет.

Ерғали Ғабдулин серіктестігін 10 жыл бұрын бір ДТ-75 тракторынан бастап құрғанын айтады. Не бары 180 га жері болған. Қазір қуатты агроқұрылым. 1 300 га алқабы бар, техникасы 10-нан асады, жұмысшылары  ай сайын жалақымен қамтылған. Шаруашылық өткен жылы гектарынан 24 центнер астық жинап алыпты. Биыл ылғал аз түсті. Сәйкесінше, өңірде өнім аса жоғары емес. “Большемалышенское” серіктестігі қуаңшылыққа мойымай, сәтсіз тұсты ұтымды пайдалана білді. Үкіметтің қолдауы арқасында жақсы шығымдылыққа қол жеткізіп отыр.

Ерғали Ғабдулин, “Большемалышенское” ЖШС директоры, Қызылжар ауданы:

– Ең алдымен, біз 40 тонна жоғары сұрыпты тұқым алдық. Тыңайтқыш шаштық. Мемлекеттің субсидиялауымен егіс алқабына толығымен 2 түрлі өңдеу жүргіздік. Яғни, өсімдік ауруларына және зиянкестерге қарсы. Міне, еңбек өз нәтижесін берді. Қазір бір гектардың шығымдылығы 15-16 центнер, кілігейлігі 27-28 пайызды құрады.

“Большемалышенское” ЖШС бір күннің ішінде 160 тонна бидай жинап үлгерген. Диқандар орақ науқанын 2 аптаның ішінде аяқтауды жоспарлауда.

Данаш Хамзина