Қоғам

“Петропавл-Норд” кәсіпорнындағы еңбек әулеті

 

 

Владимир Гординнің күнделікті жұмысы осы – адамдарды тасымалдайды. Қазір сәл ғана аялдап, көлігін тексеріп алып, тағы да жолға шығады. Осылайша ол таңғы алты жарымнан кешкі онға дейін жұмыста. Владимирдің автобус рөліне отырғанына 32 жыл болыпты. Жұмыс оңай емес, бірақ әр кәсіптің өз мехнаты, өз мерейі бар дейді жүргізуші.

Владимир Гордин, “Петропавл-Nord” ЖШС жүргізушісі:
-Автобус рөліне сексенінші жылы отырдым. Содан бері осы кәсіпті тастаған емеспін. 1996 жылдан бері “Петропавл-Норд” серіктестігінде еңбек етемін. Осылайша бұл кәсіпорнында негізі қаланғаннан бері тер төгудемін. Ешқашан кәсібімді ауыстырамын деп ойлаған емеспін. Ерінбей еңбек ету керек. Сонда оның жемісін де көретін боласың.

Бақыт кілті еңбекте. Владимирдің өмірлік ұстанымы бұл. Мұны оның жолдағы серігі Наталья Гриценко өте жақсы біледі. Екеуінің бірге жұмыс істеп жатқандарына бес жыл болған.

Наталья Гриценко, “Петропавл-Nord” ЖШС кондукторы:
Владимир өте еңбекқор жан. Өзінің жұмысын жақсы көреді. Әрі адал істейді. Әрине жұмыс оңай емес. Таңертеннен кешке дейін жолдамыз. Техника сынбай қоймайды. Оны тез арада жөндеп, жолға шығу керек. Бұл орайда қиындық туындамайды. Өйткені Владимирдің қолы шебер, техниканың қыр-сырын жақсы біледі.

Әкесінің жолын баласы Вячеслав қуған. Ол да автомеханик мамандығын меңгеріп, автобус рөліне отырғанды жөн көрген. Енді бүгінде әкесі мен баласы үш күннен кезектесіп, жолаушы тасымалдайды. Владимирдің қызы да осы кәсіпорында еңбек етеді. Юлия  – эксплуатациялық қызмет бастығы.

Юлия Гордина, “Петропавл-Nord” ЖШС эксплуатациялық қызмет бастығы:
Мен кәсіпорында 2008 жылдан бері еңбек етудемін. Оқуды бітіргеннен кейін көп ойланбастан бірден осында келдім. Өйткені, әкем де, ағам да осы жерде көп жылдан бері жұмыс істейді. Барлығы көңілімізден шығады. Ұжым ішінде келіспеушілік деген жоқ. Әркім өз міндетін адал орындауға тырысады.

Осылайша Гординдер әулеті аянбай еңбектеніп, кәсіпорынның дамуына өз үлестерін қосып отыр. Олар алдағы уақытта да бұл бағыттарынан таймақ емес.

Айымгүл Әбілева