Бизнес және экономика

“Даму” қоры кәсіпкерлердің жобаларын қолдауда

 

 

 

 90-шы жылдары жұмыссыз қалған Сергей Гарагуль жеке ісін ашыпты. Өңдеп жүрген 1000 Га егістік алқабы мен жол жиегіндегі шағын дәмхана әлі күнге дейін жанұясының негізгі табыс көзі. Іскер азаматтың мақсаты – шаруашылығының іргесін кеңейтіп кәсібін дөңгелете түсу.

Сергей Гарагуль, кәсіпкер, Есіл ауданы:
– Өз ісімді өркендету үшін кәсіпкерлерді қолдау орталығы мамандарының кеңесін алдым. Ауданымызда қонақ үй мен техникалық бақылау және көлік жуу орталықтары жоқтың қасы. Сондықтан сұранысқа ие осы бизнес түрлерін дамытпақшымын
.

Ауыл еңбеккері жоспарын іске асыру үшін екінші деңгейлі банктен 100 мың АҚШ доллары мөлшерінде несие алмақшы. Қаржы мемлекеттің қолдауымен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы рәсімделетіндіктен жылдық үстемеақысы 7 пайызды құрамақ. Бүгінде республикалық қордың облыстық филиалының көмегіне жүгінген 85 кәсіпкер жобасын дәл осылай жеңілдетілген несиемен жүзеге асырыпты. Тағы 15-ң бастамасы комиссия қарауында жатыр. 100-нан астам азамат мамандардың кәсіби кеңесін алған.

Диана Хасанова, “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры СҚОФ жанындағы кәсіпкерлерді қолдау орталығының маманы:
– Кәсіпкерлерді қолдау орталығы 2011 жылдың қараша айынан «Даму» қоры негізінде жұмыс істеп келеді. Мақсатымыз жұмыс істеп жатқан және жаңа бастайтын кәсіпкерлерді тарту, қордың қаржылық және қаржылық емес бағдарламалары және өзге де ауыл шаруашылығын қолдау бастамалары бойынша кеңес беру.

Орталық мамандары сондай-ақ аудандарға шығып ауыл әлеуетін көтеретін бизнес-жобалар бойынша кеңес беріп тұрады. Қыркүйек айында қолға алынатын қаржыгерлер мен кәсіпкерлерді қолдау бағытында “Бизнес-клиент” жаңа бастамасының тұсауы кесілмек.

Жеңіс Ермұқанов