Ауыл шаруашылығы

Есіл ауданының аграрийлері жақсы өнім алуды көздеп отыр

 

Биыл «Агрохимснаб» ЖШС 7000 гектар жерге егін еккен. Алқаптың жартысынан көбі бидай. Орақ науқанына ерте кіріскен диқандар бүгінгі күні егіннің 40 пайызын дестеге түсіріп, 10 пайызын жинап үлгерген. Әзірге гектар шығымдылығы 20 центнерден айналуда.

Василий Шкодин, «Агрохимснаб» ЖШС директоры:
-Мемлекеттің зор қолдауының арқасында мол астыққа қол жеткіздік. Жыл сайын жақсы егін аламыз. Дәндерді жыл сайын дәрілеп, тыңайтқыштармен қоректендіріп отырамыз. Мәселен, дәл мына алқаптан гектарынан 30 центнер алуымыз мүмкін. Сәтін салса, дала жұмыстарын 25-30 күнде бітіреміз.

«Атамекен-агро» шаруашылығының егін алқабында да жұмыс қызу. Биыл ауыл шаруашылығы дақылдарын 21 мың га жерге егіпті. Тең жартысы дәнді болса, қалғаны майлы дақылдар. Егін орағына 15 комбайын жұмылдырылған. Былтыр серіктестік 53 мың тонна астық жинапты. Мол өнімді сақтауда қиыншылық көрмеген.
«Ильинка» серіктестігінде де биыл егін шығымы жақсы. Гектарынан 20 центнер жинап алуды көздеп отыр. Айту керек, шаруашылықта техниканы жаңартуға үлкен көңіл бөлінеді. Өткен жылғы мол астықты кептіруде біраз қиындық көріпті. Сондықтан биыл жаңа кептіргіш сатып алған.

Александр Бурлев, «Ильинка» ЖШС директоры:
-Биыл 17 мың 300 гектар аумаққа дәнді дақыл ектік. Бұйыртса, гектарынан 20 центнер аламыз. Былтыр серіктестік 40 мың тонна астық алды. Оны кептіретін қырман жетпегесін, биыл тағы біреуін сатып алдық. Егінді қыркүйектің ортасына қарай жинап аламыз деп отырмыз.

Ал мына рапс жайқалып өсіп тұрған алқап «Прометей-агро» серіктестігіне тиесілі. Инновациялық технологияларды кеңінен пайдаланатын шаруашылық осындай жақсы нәтижеге қол жеткізіп отыр. Бұйыртса, гектар берекелігі 20 центнерден асып жығылады деп күтілуде. Биыл шаруашылықтың бидайы да бітік шыққан.

Юрий Шоль, «Прометей-агро» ЖШС директоры:
-Шаруашылығымыз 2002  жылы құрылды. 6,5 мың гектар жерге дақылдар  егеміз. 20-ға жуық комбайынымыз бар. Барлығы да шетелдікі. Жерімізге гербицид  себеміз. Арам шөп болмас үшін. Жерді қопсытпаймыз. Сонда ылғал сақталады. Мұның арқасында жыл сайын әр гектардан 3-4 центнерге егін мол шығады.

«Заградовское и К» шаруашылығы да орақ науқанына мықтап әзірленген. Техника дайын, жанар-жағармай жеткілікті. Тәжірибелі шаруалар биыл да мол өнім жинап алуды діттеп отыр.

Иван Фисенко, «Заградовское и К» ЖШС директоры:
-Былтыр рекордтық астыққа қол жеткіздік. Елу мың тоннадан астам егін алдық. Биыл әрине ондай көрсеткіш болмас, дегенмен жақсы өнім жинап аламыз деген ойдамыз.
 

Сонымен, құрғақшылыққа қарамастан биыл өңірімізде егін бітік шыққан. Еңбек етсең емерсің демекші, барлығы да жаңа технологиялардың нәтижесінде іске асып отыр дейді тәжірибелі диқандар. Ендігі міндет – осы ризықты уақытында ысырапсыз жинап алу.

Бейнематериалды «Қазақстан