Энергетика

Энергетиктер жабдықтарды жаңартуда

 

 

 

2013 жылдың 1 қаңтарынан бастап энергия тарату компаниялары түгелдей тариф жасаудың жаңа әдісіне көшпек. Салыстырмалы талдау әдісі әрбір энергия тарату компаниясының тарифтері мен шығындарын есептеуге мүмкіндік береді. Үстіміздегі жылдың 1 шілдесінен бастап электр энергиясының тарифі 1 Квт/ сағатқа қосымша құн салығынсыз 2,927 теңгені құрады. Тарифтік кірістерге сәйкес инвестициялық бағдарлама бекітіліпті.

Виктор Тен, “Солтүстік Қазақстан энергия тарату компаниясы” АҚ президенті:
– 2012-2013 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның жалпы көлемі 1 418,4 млн теңге. Биыл оның 702,2 млн-ын игермекпіз. Алайда қажетті мамандардың жетіспеушілігі байқалады. Қазіргі таңда бұл біз үшін өте өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Облыс орталығындағы ең ескі электр желілері Жұмысшы кентінде орналасқан. “Солтүстік Қазақстан энергия тарату компаниясы” оларды жөндеп, қалпына келтіруге кірісіпті. Ашық, қауіпті сымдар жаңартылып, ағаш тіреуіштерді темір-бетонға алмастыру жоспарланып отыр. Ал ТП-261 трансформаторлық шағын стансасы 60-шы жылдары салынған екен. Ол келер жылы жөнделмек. Барлығы энергетиктер 5 шағын стансаны қалпына келтіруді жоспарлап отыр.

Александр Черников, «Петропавл қалалық электр желілері» кәсіпорнының бас инженері:
– Қазіргі таңда 5 шақырым сым алмастырылды. Тағы да 14 шақырымын жаңарту көзделіп отыр. №12 электр энергиясын таратушы шағын станса да қалпына келтірілуде. Жаңа құрылғылар
орнатылып, жөнделетін болады.

Ал ТП-263 трансформаторлық шағын стансасы толықтай жөнделіпті. Тұтынушыларды электр энергиясымен үздіксіз қамтамасыз ететін заманауи құрал-жабдықтармен жарақтандырылған.

Инеш Шоқақова