Қоғам

Ораза айты



 

Ораза айты – Рамазан бойы Аллаға құлшылық етіп, ауыз бекітіп, жамандықтан аулақ болғандар үшін жаратушының ризашылығы жауатын мереке. Күннің аптап ыстығына қарамастан 30 күн ораза тұтқан мұсылмандар бұл мейрамды асыға күткен. Мереке адамдарды бауырмалдылық пен кішіпейілділікке, кешірімділік пен сүйіспеншілікке шақырады. Шамсуллы Хайбуллаев 40 жылдан астам уақыт бойы ораза тұтады. Ол Меккеде болу бақытына да бөленген екен.

Шамсуллы Хайбуллаев:
– Барша мұсылмандарды ораза айт мерекесімен құттықтаймын. Молшылық, татулық тілеймін.

Айт намазынан соң Алланың үйіне жиылған жұртшылықты «Қызылжар» орталық мешітінің бас имамы Қасымхан Абдоллаұлы құттықтады.

Қасымхан Абдоллаұлы, “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:
– Ораза айты мерекесі құтты болсын. Қасиетті Рамазан айында тілеген тілектерің орындалсын. Еліміз, жұртымыз тыныш болсын.

Ораза айт мерекесінде жиылған қауымға облыс әкімі Серік Біләлов те жылы лебіздерін білдірді. Өңір жетекшісі бейбітшілік пен келісім – еліміздің басты байлығы екендігін атап өтті. Ораза айтының тойлануының негізгі мақсаты да мұсылмандардың ауыз біршілігі мен татулықтарын күшейту.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Біздің мемлекетімізде көптеген ұлт өкілдері бейбіт өмір сүруде. Бүгін үлкен мереке. Ораза айт құтты болсын.

Айт күнінің өзіне тән жарасымды да сауапты амалдары мол. Осы күндері әрбір үйде сәні мен салтанаты ерекше мерекелік дастарқан жайылады. Мұсылмандар туған-туыс, дос-жаран, көрші-қолаңды аралап, бір-бірінің үйінен дәм-тұз татады.Айт күндері ораза ұстауға болмайды. Өйткені бұл мереке – бір айлық құлшылықтың белгісі, үлкен мереке.

– Барша жұртшылықты мерекемен құттықтаймын. Зор денсаулық, бақыт тілеймін.
– Еліміз тыныш болсын, балаларымыз аман болсын деген тілек айтқым келеді.

Жұртшылық келесі келесі Рамазан айына, келесі Ораза айт мерекесіне дін аман жетуге жазсын деген тілектермен тарасты.

Инеш Шоқақова