Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыста орақ науқаны қарқын алып келеді

 

 

Аққайың ауданына қарасты “Дайындық” ЖШС биыл 7 мың Га жерге бидай тұқымын сіңіріпті. Қолайсыз ауа райы егіннің бітік шығуына кедергі болмаған. Қуаңшылықты жеңу тың технологияларды қолға алудың арқасында мүмкін болған. Орақ науқанында шамамен 150 мың центнердей астық жинау межеленіп отыр. 

Ермек Қасенов, “Дайындық”ЖШС бас агрономы, Аққайың ауданы:
– 45 пайызын жинап үлгердік. Гектарынан 20 центнерден алып жатырмыз. Бұл жаңа техника мен жақсы еңбек ететін жұмысшылардың арқасы.

Серіктестік ырыс дәнін 10-шы қыркүйекке дейін жинап алмақшы. СҚ ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясының алқаптары да жаман емес. Ондағы диқаншылар егіннің шығымы біркелкі дейді. Бүгінде 11 мың Га жердегі астықтың 2 мыңы бастырылыпты. Гектар берекелігі 15 центнерден айналуда. Игі шарада танап басында жүрген арнайы көліктердің де сайлығы өте маңызды.

Виктор Барановский, “СҚ ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы” ЖШС бас агрономы:
– Бүгінде орақ науқанына 30 комбайн жұмылдырылды. Оның екеуі былтыр алынған жоғары өнімді “Акрос” кешені. Бар техника майланып, қажетті құрал-саймандар ерте бастан алынып қойылды.

Науқанға қызу кіріскен “Санта-Мария” серіктестігіндегі астық шығымы да шамамен гектарынан 15 центнерді құрайды. Қыркүйектің 15-не дейін алқаптағы өнім толығымен жиналады деп сендірді шаруашылық басшысы Павел Леонов. Ол үшін бар алғышарттар жетерлік. Жанармаймен толық қамтылған. Ендігі мақсат жаз бойы бел жазбай күткен егінді ысырап қылмау.

Павел Леонов, “Санта-Мария” ЖШС директоры:
Барлық элеваторларымыз толық. Биылғы астықты сақтайтын қосымша қоймаларымыз бар. Бидайды кептіріп қамбаға құйғанға дейінгі бар үрдісіміз жақсы жолға қойылған.

Павел Леоновтың айтуынша, қандай заманауи техника болсын адам күшін толығымен алмастыра алмайды. Сондықтан ауыл еңбеккерлерінің жұмысы тиісінше бағалануы тиіс.

Павел Леонов, “Санта-Мария” ЖШС директоры:
Сауыншылардың айлық жалақысы 50 мың теңгеден кем емес. Бақташылар 40 мың теңгенің үстінен алады. Жер өңдеумен айналысатын қызметкерлеріміздің табысы 200-300 мың теңгені құрайды. Қызметкерлеріміз бос отырмайды. Жұмыстары маусымдық қана емес, жыл бойы тұрақты еңбекке тартылады.  

Жалпы Аққайың ауданының агроқұрылымдары 187 мың Га бидай егіпті. Бүгінде 46 мыңы құлатылды. Бұл бар алқаптың 20 пайызы. Оның тең жартысы бастырылып қамбаға құйылған.

 

Жеңіс Ермұқанов