Балалар

СҚО жастар ұйымдарының белсенділері жастар саясаты тұжырымдамасының жобасын талқылады

Оқығаны мен күш-жігерін ұштастыра білетін қазақ елінің ұл-қыздары жарқын болашақ білімді де жігерлі жастардың қолында екенін жақсы түсінеді. Белсенді ұландар саяси қоғамдық шаралардан шет қалмай ел игілігі үшін еңбек етуге бүгіннен қалмай білек сыбана кірісуге әзір. Қозғалыстарын тәртіптендіру үшін арнайы заң қажет-ақ. Сондықтан да өскелең ұрпақтың кезекті бас қосуында 2012-2020 жылдарға арналған жастар саясаты тұжырымдамасының жобасы талқыланды.

Рүстем Есембергенов, СҚО “Жас Ұлан” ұйымының төрағасы:
Біз жиында жастарды толғандырып жүрген мәселелерді қарастырамыз. Концепцияға жастар қозғалысын дамытуға қатысты өз ұсыныстарымызды жасаймыз. Көптеген салаларға заман талабына сай жаңашылдықтар енгізудің кезі жеткен сияқты.

Өңір белсенділері алдымен маман иесі бола тұра, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген жастардың мәселесін шешуді көздейді. Әдеттегідей, табыс көзін іздеушілердің ұсынысы мен мекеме басшыларының сұранысы сәйкес келе бермейді. Қызметке қабылдарда негізінен жоғары білім мен еңбек өтілінің ұзақ болуы талап етілетін көрінеді.

Рүстем Есембергенов, СҚО “Жас Ұлан” ұйымының төрағасы:
Жоғары не орта кәсіптік білім алған жастар жұмыс таба алмай қиналады. Біз бұл мәселені еңбек биржасын құрып шешуге тырысып жатырмыз. Жас отбасылардың баспана мәселесі де өзекті. Ең бастысы жұмысқа тұруға қатысты мәселелерді шешу керек.

Студенттік еңбек биржасын құрудың басты мақсаты – еңбекке жарамды студенттерді оқуынан бөлмей, демалыс уақытында маусымдық жұмысқа тарту. Бүгінде пайда тапқысы келетін 720 студент жаңадан құрылған әлеуметтік ұйымның көмегімен еңбек орнымен қамтылыпты. Облысымыздың салауатты өмір салтын ұстанушы жастары бұқаралық спортты жандандыру керектігін алға тартып отыр.

Владимир Витченко, Петропавл қалалық мәслихатының депутаты:
Бізде жасөспірімдерге арналған спорт мектептері баршылық. Алайда кәмелет жасына келген жастардың жаттығуына арналған спорт кешендері жоқтың қасы. Барларының өзі тегін емес. Халық көптеп әуестенетін футбол, волейбол алаңдары мен жабық спорт нысандарының есігі халыққа ашық болуы керек. Денсаулығы мықты жастардың бастамалары да алға басатыны баршаға аян емес пе.

Жастарды толғандыратын мәселе аз емес. Пікір алмасушылар көтерілген мәселелер мен ұсыныстар Парламентте елеусіз қалмайтынына сенеді.

 

Жеңіс Ермұқанов