Спорт

Сергей Харламов Паралимпиадалық ойындарға жолдама алды



 

Тағдыр аяқтарынан шалған жандар үшін паралимпиадалық ойындар спорттық дәрежесін көтеруге ғана емес, қоғамда өз орын табуға да септеседі. Олар үшін қиындыққа мойымай, алға ұмтылудың өзі үлкен жеңіс. Жерлесіміз Сергей Харламовтың жастайынан құлағы мүкіс, тірек- қимыл жүйесі де зақымданған. 42 жасқа келген Сергей тынымсыз жаттығуларының нәтижесінде еліміздің мүгедектері арасында ең үздік желаяқ атағына қол жеткізді. Спортшы үстіміздегі жылдың наурыз айында Дубай қаласында жеңіл атлектикадан Халықаралық ашық лицензиялы турнирде ел намысын қорғаған. Онда жерлесіміз мықты деген желаяқтармен спринтерлік тартысқа түсіп, Азияның жаңа рекордын орнатқан.

Вячеслав Латышев, мүгедектер спортынан облыстың аға жаттықтырушысы:  

Сергей әлемдік көрсеткіште үздік ондықтар қатарында. Жерлесіміз Шардж қаласында ұзындыққа 4 метр 54 см-ге секіріп, Азия рекордын жаңартты. Осының арқасында «А» дәрежелі лицензияға қол жеткізді. Ал Дубай қаласында 100 метрлік қашықтыққа жүгіруден «В» лицензиясының көрсеткішін орындады.

Қазіргі таңда Сергей паралимпиадалық ойындарда жеңіл атлетикадан өңір намысын қорғайтын «А» лицензиялы жалғыз спортшы. Жүгіру десе ішкен асын жерге қоятын жерлесіміз «Қарасай», «Динамо» стадиондарында жаттығады. Өмірге деген құлшынысы зор. Берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын жеңілатлет алдағы сында өңір намысын “қол-аяғымнан келгенше” қорғауға тырысамын дейді.

Сергей Харламов, мүгедектер арасындағы Лондон Олимпиадасына қатысушы:

– Үздік бестікке кіргім келеді. Көптеген халықаралық жарыстарға қатысып жүрсем де, бұл менің алғашқы  олимпиадам. Сондықтан қобалжу бар. Дегенмен жеңісті қолдан жібермеуге тырысамын.

Тұманды Альбионда Сергей Харламов 100 метрлік қашықтыққа жүгіру және ұзындыққа секіру бойынша бақ сынайды.

 Әсел Күшенғалиева