Қоғам

Киров атындағы заводтың дамуына 18 еңбек әулеті өз үлестерін қосып келеді

Киров атындағы зауытта Диденколардың отбасын барлығы біледі. Владимир Диденко кәсіпорынға өмірінің 49 жылын арнаған. Зейнетке шықса да, сүйікті ісін әлі доғарар емес. Кезінде құрылысшы мамандығына оқыса да, Владимир ұсталықтың жанына жақын екенін түсінген.

Владимир Диденко, темір кесуші:

 

– 60-шы жылдары жұмыс көбінесе қолмен орындалатын. Заман өзгерді. Зауыт қазір қуатты. Барлығы автоматтандырылған. Жастарға жаңа құрылғыларда жұмыс жасау жөнінен кеңес беріп жүремін.

Владимир Диденконың зауытта бұрын әкесі мен әпкесі қызмет еткен. Енді немересі ата жолын қуып жүр. Жас маман Александр күш жұмсалатын жұмыс ер жігітке лайық екенін айтады.

Александр Диденко, темір кесуші:

Жұмыс, әрине, ауыр. Бірақ жастар үшін бұл аса байқалмайды. Барлығын дәлдікпен, сапалы жасау қажет.

Киров атындағы зауыт ел көлемінде сұранысқа ие түрлі темір бұйымдарын шығарады. Биыл кәсіби жұмысшылардың қолынан шығатын 6,5 млрд теңгенің тауары тапсырыс берушілерге жөнелтіледі. Бұл көрсеткіш өткен жылғымен салыстырғанда 5 пайызға артып отыр. Тәжірибесі мол шебер Владимир Диденко табысты жұмыстың басында еңбек тұр дейді.

Владимир Диденко, темір кесуші:

Зауытта барлық жағдай бар. Материалдық база мықты. Тек ерінбеу керек. Ерінбесең, жұмысыңнан ойдағыдай нәтиже шығады.

Киров атындағы зауытта әке жолын бала қуған әулеттердің еңбек етуі дәстүрге айналған. Қазірде мұнда осындай 18 отбасы жұмыс істейді.

Данаш Хамзина