Қоғам

Жылыжайшылар отбасы

 

 

Мұнда жұрт анасы мен қыздарының сырластығына қарап таң қалады. Тамара Подгайченко – үлкен бір отбасының ұйытқысы. “Наурыз-2030”-да үш бірдей қызы өзімен бірге жұмыс істейді. Тамара жылыжайға 30 жасында 30 жыл бұрын келіпті. Бүгін – тәжірибесі мол маман, сыйлы бригадир. Бұл – тынымсыз еңбектің нәтижесі дейді ол. Қыздарын да ерінбей еңбектенуге баулып жүр.

Тамара Подгайченко,  “Наурыз-2030” ЖШС №2 бригада бригадирі: – Мен кезінде осында қыздарымды бірге алып келетінмін. Оларға өсімдікті бағып-қағу қатты ұнады. Сосын жиі келіп тұратын болды. Енді, жылыжайшы болу біздің отбасылық кәсібімізге айналды.

Ана жолын қуғандардың бірі – Татьяна. Өзі пысық әрі жауапты. 23 жасында 40 адамнан құралған тұтас бір бригаданы басқарады.

Татьяна Филиппова, “Наурыз-2030” ЖШС №1 бригаданың бригадирі:

Өз жұмысымды жақсы көремін. Өсімдіктердің де жаны бар деп ойлаймын. Оларға ерекше күтім керек. Кішкентай дәннен үлкен сапалы өнім шығару үшін тынымсыз еңбек пен күш-қайрат қажет.

Тамараның тағы бір қызы, оның да есімі Татьяна, жылыжай кешенінде 20 жыл еңбек етеді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл деп, ол анасы мен сіңлісіне көмектеседі. Жұмысқа таңертең ерте келіп, қиярды қураған жапырақтарынан арылтып, секция ішін тазалайды екен.

Татьяна Подгайченко, “Наурыз-2030” ЖШС қызметкері:

– Мен мұнда анама еріп оқушы кезімде келетінмін. Кішкентай болып шешеме көмектестім. Маған жасыл желектің арасында жұмыс істеген ұнады. Есейген кезімде көп ойланбастан серіктестікке қызметке орналастым.

“Наурыз -2030” ЖШС-нде Подгайченко-Филипповтар әулетінің бақылауымен 70-тен аса адам еңбек етеді. Жұмыс көп. Әрбіреуі 20 секциядан құралған 2 блокта тек қияр өседі. Оның өнімі жылына 1000 тоннадан асуы қажет. Әлі сәбіз, лимон, мандарин мен бананды да бағып-күту керек. Сыртта картоп өседі. Қол қусырып отыруға уақыт жоқ.

Данаш Хамзина