Денсаулық сақтау

Жыл басынан бері СҚО бойынша 38 адам ВИЧ инфекциясын жұқтырған

 

 

«Ғасыр індетіне» айналған жүре біткен иммундық тапшылық синдромын анықтау бойынша жыл басынан облыста 56670 азамат тексеруден өткен. Олардың көпшілігі тәуекел тобына кіретін жандар.

 Марал Шәріпова, «ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі Солтүстік Қазақстан облыстық орталығы» ММ бас дәрігерінің орынбасары:
– Елімізде қабылданған арнайы заң бойынша жыл сайын халықтың қатер төндіретін, қауіпті деген тобына енген 10 пайызы міндетті түрде вич инфекциясына тексерілу керек. Олардың санатына жастар, нашақорлар, салауатты өмір салтын сақтамайтын тұлғалар жатады. 

Вич инфекциясын жұқтырғандардың ішінде, әсіресе жүкті әйелдермен аурудың алдын алу немесе одан әрі асқындырмау бағытындағы жұмыстарға басымдық беріледі. «Вич инфекциясының анадан балаға берілуінің алдын алу» жөніндегі бағдарламада қарастырылғандай, әйел адам жүкті болған кезде кемінде екі рет тексерістен өтуі керек. Алғашқы қан сараптамасы болашақ ана әйелдер консультациясына тіркеуге тұрғанда алынады. Дәрігерлер мұндай тексерісті жүктіліктің неғұрлым ерте мерзімінде жасаған жөн дейді.

 Марал Шәріпова, «ЖИТС-тің алдын алу және онымен күрес жөніндегі Солтүстік Қазақстан облыстық орталығы» ММ бас дәрігерінің орынбасары:
– Әйелдің ауруға шалдыққаны анықталған жағдайда иммундық жүйені көтеруге бағытталған шараларды өткіземіз. Арнайы дәрі-дәрмектер белгіленеді. Олар тегін беріледі. Бұндай ананың баласы дүниеге келгеннен кейін 1,5 жасқа жеткенше мамандардың бақылауында болады.

Дәрігерлер ерте бастан тиісті шараларды қолға алудың нәтижесінде соңғы үш жылда қауіпті дерттің анадан балаға жұғуына жол берілмегенін айтады.  Солтүстік Қазақстан облысы бойынша иммундық тапшылық синдромын жұқтырған 5 әйел жүкті болып, өмірге сау сәби әкелген. Десе де, облыстық СПИД-пен күрес орталығында 15 бүлдіршін есепте тұр, олардың төртеуіне вич инфекциясын жұқтырды деген диагноз қойылған.

Әспет Әбдірешова