Аптадағы маңызды жаңалықтар

Селекторлық кеңесте бүгінгі күннің маңызды мәселелері қаралды

 

Биыл өңір диқандары 4 млн. 576 мың Га алқапқа егілген ауыл шаруашылығы дақылдарын жинап алуды көздепті. Орақ науқанында ырыс дәнін ысырапсыз жинап алуға жұмылдырылатын  техниканың 99 пайызы сақадай сай. Жоғары өнімді 700 кешенді агроқұрылымдар мемлекеттің қолдауымен биыл сатып алған. Танап басына астықты құлатуға ғана 9 мыңнан артық комбайн шығады. Бұл жөнінде селекторлық жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров мәлім етті. 

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Орақ науқанын әдеттегіден 10 күнге ерте бастадық. Маңызды істі 26 жұмыс күнінің ішінде аяқтау жоспарланып отыр. Бидай жинауға кіріскен шаруашылықтар әзірге тәулігіне 160 мың Га өтуде. Бүгінде
442 мың Га жердегі астық бастырылды. Бұл алқаптардағы орташа гектар берекелігі 10 центнерден айналуда.

Орақ жөнінен көшті Қызылжар ауданының еңбеккерлері бастап келеді. Ондағы диқандар өздеріне тиесілі алқаптардағы астықтың 14 пайызын жинап үлгеріпті. Ал көш соңында өткен жылы қамбаға рекордтық астық құйған Ғ. Мүсірепов ауданы қалған.   

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Облыс бойынша егіннің 12 пайызы құлатылды. Кейбір шаруашылықтар тіпті көзделген жоспардың жартысын тындырып қойған. Біразы әлі науқанға кіріспепті де. Егіннің шығымы бітік. Бидай пісіп қалды.
Кілегейлігі де жаман емес. Нені күтіп отырмыз. Уақыт созбай, қызу жұмысқа кірісу керек. Ауа райы да қолайлы болып тұр. Өйтпесек, бидайдың сапасын жоғалтып аламыз.

Жиында өңіріміздегі мал шаруашылығының әлеуетін арттыру бағытында атқарылып жатқан шауалар жайы да сөз болды. Өткен 7 айда 42 мың тоннадан артық ірі қара еті өндіріліпті. Сауын сиырлар 259 мың тонна сүт берген.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
Мал шаруашылығының 4-тен 11-ға пайызға дейін өскені байқалады. Шет елден 16 мың бас жоғары өнімді тайыншалар жеткізілді. Бұл биылғы жоспардың 44 пайызы. Жобаға қатысуға 314 шаруашылық ниетті. Бұл іске де Қызылжар ауданы тыңғылықты қарап алда келеді. Жыл басынан 2 мыңнан артық жоғары өнімді тайынша алып үлгерген. Ал шалақындықтар соңында келеді. Межеленген істің мұнда тек 20 пайызы атқарылыпты.

Жер телімдерін түгендеу бойынша да өңірде біршама жұмыстар атқарылған. Тиісінше пайдаланылмаған 32,9 мың Га жер ведомствоаралық жер инспекциясының қарауына тапсырылды. 28 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 2,8 млн теңгенің айыппұлын төлеуге мәжбүр болған. Тексерістен өткен 33 жер участогының 9-ы мемлекет меншігіне қайтарылды. Жиында жергілікті бюджеттің кіріс және шығыс бөліктерінің орындалуы да қаралды. Жалпы биыл өңір қазынасына 230 млн теңге түспей қалған. Жалақы мәселесі де өзекті. Аққайың ауданындағы еңберлердің табысы облыстық орташа жалақыдан 26 пайызға кем. Өңір басшысы аудан әкіміне бұл олқылықты түзеуді тапсырды. Ауылдық жерлердегі құрылыс та ақсап тұр.

Игорь Киселев, СҚО құрылыс басқармасының бастығы:
– “Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасы аясында 44 үй қолданысқа берілді. Шал ақын ауданында бұл жұмыс мүлдем қолға алынбаған. Облыс орталығында 10 мың шаршы метр тұрғын үй тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы 40 мың шаршы метр баспананың құрылысы аяқталады.   

Алдағы жылыту маусымына сапалы дайындалу үшін облыста 2 млрд теңге қарастырылып отыр. Бүгінде қауырт кезеңге қамдану жұмыстары қыза түсті. Білім беру мекемелері жаңа оқу жылына 90 пайызға дайын. Тамыздың 25-не дейін барлық мектептер оқушыларды қабылдауға сақадай сай болады деп сендірді облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов. Жиында қаралған 7 мәселе  бойынша селекторлық байланысқа шыққан барлық аудандар әкімдері есеп берді. Өз кезегінде  өңір басшысы тиісті ведомстволар жетекшілері мен аудандар әкімдеріне отырыста қаралған мәселер бойынша нақты шараларды қолға алуды тапсырды.

Жеңіс Ермұқанов