Көлік және жолдар

Депутат жолаушылар жолын жөндеуге көмектесті

 

Уәлиханов пен Мир көшелері аралығындағы Ярослав Гашек көшесінің бөлігінде бүгінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл жерге жаяу жүргіншілерге арналған тротуар төселуде.

  Александр Акимов, “Фирма Универсал” ЖШС жұмысшысы:

– Жұмысты 3 күн бұрын бастадық. Жолдың асты – ұсақ тас. Үстіндегі асфальттың қалыңдығы – 4 см. Егер оның бойымен көліктер жүрмесе, тротуар ұзақ қызмет етеді.

Анатолий Зубков осы маңдағы үйде 44 жыл бойы тұрады. 18 жыл бұрын жер астындағы су жүйесі жөнделгеннен кейін, тротуар бұзылған күйінде қалған. Ойдым жер қыста қарға толып, көктемде көлшікке айналатын. Жырдың соңы жақсы аяқталды, әйтеуір адам қатарлы жүретін болдық деп тұрғындар мәз-мейрам.

Анатолий Зубков,  Я.Гашек көшесінің тұрғыны:

– Мына жермен жүру мүмкін емес еді. Үнемі алыстан айналып өтетінбіз. Енді, міне рахат. Депутатымыз өз сөзінде тұрды.

Бұл аудан 7-ші округтен  сайланған қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Ахметовтың бақылауында. Тұрғындардың қордаланып қалған мәселесіне құлақ асқан халық қалаулысы сөзді қойып, нақты іске кіріскен.

  Жасұлан Ахметов, қалалық мәслихат депутаты:

– Атқаратын жұмыс көп. Шухов көшесіндегі кәріз жүйесі мен су жүйесі ескірді. Соларды қалыпқа келтіру қажет. Қазір оған қаржы бөлу мәселесі қаралуда.

Шухов көшесінің тұрғындары депутат сауалының қаншалықты пәрменді болғанын келесі жылы өздері байқамақ.

Данаш Хамзина