Спорт

Александр Винокуров – жасөспірімдерге үлгі


 

Кездесу әйгілі велошанбандоз жайлы бейнефильм көрсетілімінен басталды. Жасөспірімдер жерлесіміз Александр Винокуровтың жарыс жолында кездескен қиыншылықтарға мойымай, алдына қойған мақсатына жетудегі ұзақ жолымен танысты.  Олимпиада жеңімпазының алғашқы жаттықтырушысы Сергей Кручина Александрдың велоспортқа алғаш қалай келгені жайлы баяндап берді.

Сергей Кручина,  ҚР еңбек сіңірген бапкері:

-Оның осындай дәрежеге жетуі – тынымсыз жаттығулар мен жеңіске деген күш-жігерінің арқасында. Ол жарыс жолында жарақат алып жатса да, еш мойымады. Саша әрдайым барын салатын. Біздің мектепте 8 жыл велоспортпен айналысты. Сол уақытта бір де бір жаттығу жұмыстарын өткізіп көрген жоқ.

Балалармен білген-түйгені жайлы ой бөлісуге велошабандоз Жандос Бижігітов те келген. Ол аталмыш спорт түрімен бұдан 10 жыл бұрын айналыса бастаған. Осы уақыт аралығында Жандос бірнеше республикалық, халықаралық жарыстардың жүлдегері атанып үлгерді. Лондон олимпиадасының жеңімпазы, ел қоржынына алғаш болып алтын алқа салған Александр Винокуров – Жандос Бижігітов үшін үлгі аларлық тұлға.

Жандос Бижігітов, велошабандоз:

Ол осы олимпиада қарсаңында Тур-де-Франсқа қатысқан. Жарыс Винокуров үшін осы олимпиадаға дайындық болса керек. Александр берілген қашықтықты бірінші болып бағындырып, Қазақтанға алғаш алтын медальді сыйлады. Ол біз үшін  – үлгі.  

Өскелең ұрпақтың бойында спортқа деген қызығушылықты арттырып, салауатты өмір салтын насихаттайтын кездесу «Көктем» клубында жиі ұйымдастырылып тұрады.

 Лариса Калтушкина, «Көктем» балалар-жасөспірімдер клубының ұстазы:

– Балаларды жастайынан спортпен шұғылдануға бейімдеу керек. Сондықтан, жас ұрпақтың дені сау болу үшін осы игі шараны ұйымдастырып отырмыз.

Велошабандоздардың тартымды әңгімесіне қанық болған бүлдіршіндер көкейлерінде туындаған сұрақтарды жарыса қойып жатты.

Винокуровтың Лондон Олимпиадасында бірінші орын алғанын көрдім. Мен Александр Винокуровке ұқсағым келеді.Ол – батыл спортшы.
Мен Винокуровтың олимпиададағы жеңісін көріп, қатты қуандым. Ол Лондонда алғаш болып еліміздің туын көкке көтеріп, әнұранымызды әуелетті. Біз оның осындай жетістіктерін мақтан тұтамыз.

Әсел Күшенғалиева