Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Халықтық IPO” бағдарламасын насихаттаудың екінші кезеңі басталды


“Халықтық IPO” бағдарламасы аясында кез-келген қазақстандық еліміздегі жетекші ұлттық компаниялардың акцияларын сатып алу мүмкіндігін иеленбек. Әрі бұл ұлттық жоба қаражатты инвестициялау мен өсірудің жаңа құралы болады. Айту керек, ел азаматтарына ірі, тұрақты әрі болашақтағы әл-ауқаты күшті компаниялардың құнды қағаздары ұсынылмақшы. Акция бағасы халық үшін қолжетімді, нарықтағыдан төмен болады деп күтілуде.

Қайрат Пішенбаев, “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
“Халықтық IPO” ауқымды жобасы мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген және 2012-2015 жылдарға арналып жоспарланған. Аталмыш жоба компаниялардың әрі қарай дамуына, өндірісті кеңейтуге, жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Еліміздің көшбасшы компанияларының бағалы қағаздары күзде нарыққа шығарылады деп көзделген. Бірінші кезекте алдыңғы қатарлы мұнай тасымалдау компаниясы – “ҚазТрансОйлдың” акциялары сатылатын болады. Жақында кәсіпорын өкілдері облысқа келіп, компанияның жұмысы, табысы жөнінде тұрғындарды толыққанды құлағдар етеді. Бұдан өзге, осы күндері халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіліп жатыр.

Сергей Худяков, «СҚО азаматтық альянс» ассоциациясының төрағасы:
-Бірінші кезекте бағдарламаның шарттарын халыққа жеткізу үшін арнайы дәріс оқитын адамдар әзірленді. Ал мамырдың он бесі мен маусымның отызы аралығында ақпараттық науқанның бірінші кезеңі өтті.
Жеті аудан орталықтарына барып, кездесулер ұйымдастырдық. Барлығы 532 адам қамтылды. Осыдан бөлек облыс орталығында еңбек ұжымдарымен де кездесіп, дәрістер оқыдық.

Ал тамыздың он бесінен ақпараттық науқанның екінші кезеңі басталды. Облыс орталығында және Айыртау, Мамлют, Қызылжар аудандарында “Нұр Отан” партиясының филиалдарында азаматтарды қабылдау жүргізілді. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары қыркүйектің біріне дейін жалғаспақ.

Айымгүл Әбілева