Спорт

Олимпиада жеңімпаздарын солтүстікқазақстандық әріптестері мақтан етеді



 

4 жыл бойы кәсіби шаршы алаңда жұлдыздай жарқырап жүрген Жанат Жақияновқа оның салмағында кәрі және сары құрлық елдерінде тең келер қарсылас жоқ. Майталман боксшыларды тізе бүктіре білген қазақ ұланы 19 кездесудің 18-ін айқын басымдылықпен ұтқан. Оның 11-н мерзімінен бұрын нокаудпен аяқтапты. Төрткүл дүние көз тіккен соңғы олимпиадалық ойындар ұрыспай берілмейтін мықты жерлесіміздің назарынан тыс қалмағаны анық. Әсіресе ұлттық құрамаға киелі 7-ші алтын алқа мен Баркер кубогын әкелген былғары қолғап шеберлерінің жұдырық түйістірулерінен мол әсер алыпты.

 Жанат Жақиянов, кәсіпқой бокстан Азия, Еуропа чемпионы:
– Қазақстанның әуесқой боксшы жігіттері өз намысын көтеріп, Серік Сәпиев алтын медаль алды. Бокшыларымыз жыл сайын жақсы өнер көрсетеді. Олар үшін мен өте қуаныштымын.  

Алтын алқадан тізілген жеңісті жолды ғаламдық тартыстардың алғашқы күнінде СҚО топырағы түлетіп ұшырған сайыпқыран велошабандоз Александр Винакуровтың бастап кеткені баршаға мәлім. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар кілең мықтыны 250 шақырымда шаң қаптырған сәтте бөркін аспанға атпаған Отандасымыз жоқ шығар.

 Жамбыл Тасеменов, ҚР спортының құрметті қайраткері:
– Александр Олимпиадаға дейін көп қиындықтар көрді. Жарақат алып,операция жасалды. Психологиялық қиындықтарға кездесті. Соның бәрін жеңіп Олимпиадаға қатысуының өзі бір ерлік.
Біз бәріміз мақтанамыз. Осындай қуанышта қазақ атамыз айтады ғой төбем көкке бір елі жетпей қалды деп. Біздің төбеміз көктен екі есе асып кетті.  

30 жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан тау көтерер тарландары арқылы әлем назарын өзіне аударды. Қарсыластан қаймықпай, ел аманатын мойынымен көтерген зілтеміршілер Зулфия Чиншалло, Майя Манеза, Светлана Подобедова бағындырған салмақты ешкім ала алмады. Артынан қазақ жұртының намысын бастан асырып ерлеген саңлақ қыздардың жеңісін Сыр елінің серкесі енді Олимпиаданың екі дүркін чемпионы Илья Ильин жалғады. Бұнымен шектелмеген толағайларымыздың барлығы рекордты жаңартып қарсыласқа еш мүмкіндік қалдырмай сөзсіз үздік атанды. Бұл табыстар 12 жыл бойы үкілі үміт ақталмай келген жеңілатлетикадан Лондонда ұзындыққа үш қарғып секірген Ольга Рыпаковаға жұғысты болды.

 Жамбыл Тасеменов, ҚР спортының құрметті қайраткері:
– Бұл үлкен еңбектің арқасында келген дүние. Жаттықтырушылар мен жарысты ұйымдастырушылардың еңбегі. Спортшылардың да еңбегін ешқашан бөлмейміз.
Еңбек түбі зейнет деп қазақ атамыз жай айтпаған. Сол еңбектің арқасында 7 рет қазақ туы желбіреді. Қазақта бұл өте киелі сан дейді. Мақтанышымызда шек жоқ.

Ұлтық құраманың қоржыны майланған 1 күміс пен 5 қола алқа да тақияға тар келген жоқ. Нәтижесінде Қазақстан 204 елдің ішінде жарысты 12-ші орында аяқтады.

Жеңіс Ермұқанов