Спорт

Футболдан жасөспірімдер арасындағы ел біріншілігі жалғасуда


 

Ел біріншілігі тамыздың 10-да басталған болатын. Республикалық чемпионатта барлығы 16 команда бақтарын сынауда. Тартысты дода «Қарасай» мен «Жастар» стадиондарында қатар өтіп жатыр. Бүгін футбол алаңына Ақтөбенің “Жас” командасы мен Алматы облысының “Іле-Сәулет” құрамасы шықты. Алғашқы тайм басталысымен, ақтөбеліктер қарсыластарының қақпасына гол соғып, бірінші болып есеп ашты. Кейін командалар бір-бірінің қақпасын алма-кезек шабуылдаумен болды. Ойынның бірінші таймы аяқталуына аз уақыт қалғанда тағы да “Жас” құрамасы алматылықтардың қақпасына доп кіргізді. Сөйтіп, ойынның алғашқы таймы 2:0 есебімен аяқталды. 10 минуттық үзілістен кейін ойыншылар футбол алаңына қайта шықты. Бірақ Алматы облысының құрамасы ақыры есеп аша алмады. Ал ақтөбеліктер тағы 1 голды соғып үлгерді. Сөйтіп, ойын 3:0 есебімен “Жас” құрамасының пайдасына аяқталды. Кездесудегі екінші голдың авторы – 7 номердегі Мәди Абаев ел біріншілігі басталғалы барлығы қақпа саңылауын 4 мәрте тауып үлгерген. Аяқ доп шеберінің футболмен айналысып жүргеніне не бары 1,5 жыл болыпты.
Республикалық чемпионатта 1999 жылғы жасөспірімдер бақтарын сынауда. Мұндай тартысты дода өңірімізде бірінші рет өткізіліп отыр. Бүгінге дейін, “Каспий”, “Қайрат-Академия”, жергілікті “Қызылжар”, “Восток”, “ЦСКА”, “Астана-1964” командалары жақсы нәтижелерге қол жеткізіп үлгерген.

Борис Скатов, бас төреші:
-Барлық командалардың дайындығы жақсы. Біздің аяқ доп шеберлері де осал еместіктерін көрсетуде.
Әзірге 6 команда көшбасында тұр. Бірақ, бұл соңғы нәтиже емес. Нағыз жеңімпаздар алдағы ойындардың барысында белгілі болады.  

Ел біріншілігі тамыздың 21-інде мәресіне жетеді. 4 аталым бойынша анықталатын ойыншылар және жеңімпаз командалар кубок, медаль, грамоталармен марапатталмақ.

Гүлбану Ахметова