Қылмыс

Екі тонаушы да ұзап кете алмады

 

Кешкі 10 шамасында Брусиловский көшесінде орналасқан дүкенге ер адам кіріп, өзіне қажет азық-түліктің тізімін айтқан. Бірақ сатушы теріс бұрылған уақытта, ол кассадан 16 мың теңгені алып, қаша жөнелген. Дүкен қызметкері бірден тәртіп сақшыларына қоңырау шалған. Интернациональный және Астана көшелерінің қиылысында тұрған бейнебақылау камерасы арқылы сезіктіні байқаған жедел басқару орталығының қызметкерлері автопатрульдерге хабар беріп, тонаушының ізі суымай құрықталды. Ұсталған күдікті облыс орталығының 26 жастағы тұрғыны болып шықты. Бұрын бірнеше рет сотталған. Дүкеннен ұрланған ақша тәркіленіп, иесіне қайтарылды. Қазіргі кезде ол уақытша ұстау изоляторына қамауға алынып, тергеу шаралары жүргізілуде. Тағы бір оқиға таңғы алты шамасында Кәрім Сүтішев және Мағжан Жұмабаев көшелерінің қиылысында орын алды. 34 жастағы қала тұрғынын белгісіз біреу тонап, 136 мың теңгесін тартып алған. Полицияға хабар түсе салысымен Жедел басқару орталығының бейнебақылау инспекторлары қылмыс жасалған ауданды тексере бастады.

Гүлмира Әкішева,  СҚО ІІД ЖБО қызметкері:  

-Кәрім Сүтүшев және Мағжан Жұмабаев көшелерінің қиылысында орналасқан бейнебақылау камерасы арқылы ақша санап тұрған екі жігітті байқадым. Оларды тексеру үшін жол полициясының экипажы жіберілді.  

Полиция капитаны Руслан Кабулдинов және Сержан Қуандықов та көшелердің қиылысында күдікті жігіттерді байқаған.

Руслан Кабулдинов, СҚО ІІД Жол полициясының взвод командирі:

-Қылмыс жасалған ауданды тексеру барысында екі күдікті ер адамды көрдік. Оларды тоқтатып, тексеру барысында сезіктілерден ірі сомадағы ақша табылды. Кейін күдіктілер Петропавл қалалық ІІБ-на жеткізілді.

Бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізілуде. Жалпы жыл басынан Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен 18 қылмыстың беті ашылған.

Гүлбану Ахметова