Мәдениет

Балаларға арналған жаңа жыр жинағы шықты

 Өмір, махаббат, жастық. Күлбаршын Мұқанова осы тақырыптардың бәріне қалам тербейді. Дегенмен, жанына ерекше жақыны – балаларға арнап өлең шығару. Тілге жеңіл әрі қызықты өлең шумақтарын бүлдіршіндер де сүйіп оқитын көрінеді. Автор өлең жазуды зейнетке шыққан кезде бастапты. Алғашқыда жыр шумақтарын өз немерелеріне арнаса, енді Күлбаршын Мұқанованың өлеңдері шығармашылыққа жақын әр баланы қуантуда. Жергілікті ақын туындыларының өзіндік ерекшеліктері бар дейді оқырмандар. Ал жазылу стилі жағынан Агния Бартоның өлеңдеріне ұқсатуда.

Фарида Мұханова, Ғ.Мүсірепов атындағы балалар-жасөспірімдер кітапханасының әдіскері:
Күлбаршын Мұқановамен 2005 жылы таныстық. Оның өлеңдерін оқып өте қуандым. Өйткені, олар қызықты және балалар үшін пайдалы болатынын бірден білдік.

Күлбаршын Мұқанованың шығармашылығы республикалық деңгейде де лайық бағаға ие болған. Ол 2008 жылы екінші поэзия және авторлық шығармашылық фестивалінде бірден 3 аталым бойынша жеңімпаз атаныпты. Сондай-ақ ақын 20 туындысының негізінде ән шығарған.

Күлбаршын Мұқанова, ақын:
Балалардың ойлау қабілеті ерекше. Олар өте ізденімпаз. Сондықтан өлең жазу үшін алдымен бүлдіршіндермен сөйлесе білу қажет.

Бүлдіршіндерге арнап өлең шығару үшін балаларша ойлай білу қажет. Бұл автордың қолынан келеді. Алайда Күлбаршын Мұқанова мұнымен тоқталмақ емес. Оның ендігі жоспары – қазақ тіліндегі туындыларын жарыққа шығару.

Инеш Шоқақова