Билік

Жер учаскелерін түгендеу және жаңа оқу жылына дайындық



 

Селекторлық кеңесте өзекті екі мәселе қаралды. Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов барлық облыс әкімдерінің жерді түгендеу барысы мен жаңа оқу жылына дайындығы жайлы есептерін тыңдады. Солтүстік Қазақстан облысында 2,4 млн гектар жер түгенделіпті. Оған 93 млн теңге қаржы бөлінген.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Егістік жерлерді өңдеу аяқталуға жақын қалды. Аумағы 21 мың гектарды құрайтын 9 мың учаске мемлекет меншігіне қайтарылды. Жеке баспана құрылысына үлестірілген учаскелер 100 пайыз түгендеуден өтті. Жер үлестерін мемлекет қарамағына қайтару жұмыстары әлі де жалғасады.

Биылғы жаңа оқу жылында елде 7 690 мектеп 2,5 млн оқушыны қабылдайды. Соның 270 мыңы 1-ші сыныпқа барады екен. Қыркүйектің 1-нде жаңадан салынған 61 мектеп пен 14 балабақша есігін ашпақ. “Мектепке жол” республикалық акциясы аясында әлеуметтік аз қамтылған 100 мың балаға 1 млрд теңгенің көмегі көрсетілген. Жалпы, республика бойынша жаңа оқу жылына әзірлік 95 пайызды құрап отыр.Үкімет басшысы дайындықты жалғастырып, әсіресе, жылыту жүйесін ретке келтіруді басып айтты.
Біздің өңірде 114 мың бала оқуға барады. Мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің барлығы дайын. Мектептердің 97 пайызы оқу жылын бастауға әзір.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Білім нысандарын түпкілікті жөндеуге 878 млн теңге бөлінді. Мекемелер отынмен толық қамтылды. Оқулықтар алу үшін 193 млн теңге жұмсалды. Барлық білім ошақтары жаңа оқу жылына тамыз айының 25-нде дайын болады.

Бір өкініштісі, біздің өңірде 124 мұғалім жетіспейтін болып шықты. Серік Біләлов облыстық білім басқармасының бастығы Орал Қаппасовтан мамандар мен кітаптардың не себептен жетіспейтінін түсіндіруді талап етті. Сондай-ақ, Ғабит Мүсірепов ауданындағы Буденое селосы мен Мамлютка қаласында апаттық жағдайдағы екі мектеп бар.
Облыс әкімі Серік Біләлов жиын барысында білім мекемелерін жылыту және оқушыларды таза ауыз сумен қамту мәселесін көтерді. Сонымен қатар, науқас балалардың арнайы тобын құрап, оларды сауықтыру мен тамақтандыруға баса мән беруді тапсырды. Серік Біләлов жерді толық түгендеуді және жер учаскелерін жалға беру мәселесін қарашаның ортасына дейін тындыруды міндеттеді.  Жиын соңында мектептердің нақты жағдайы туралы тамыздың 25-нде аудан әкімдерімен селекторлық кеңес ұйымдастыру келісілді.

Данаш Хамзина