Қоғам

Ұрпақтар жалғастығы


 

«Петропавл ауыр машина жасау зауытының» жарты ғасырлық тарихы бар. Александр Перфилов – осы кәсіпорын құрылған шақта басы-қасында болғандардың бірі. Жақын күндері оның зауытта еңбек ете бастағанына 40 жыл болмақ. Металды өңдеудің қыр-сырына қанық шебер өз ісінің елімізге қажет екендігін әрдайым сезінемін дейді.

Александр Перфилов, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ жұмысшысы:
Жылдан-жылға заманауи техникаларды меңгерудеміз. Мәселен, Тайвань елінде шығарылған станок компьютер арқылы жұмыс істейді. Оның металды қалай кесіп жатқанын дисплейден көріге болады. Жылдамдығы мен уақыты да бақылауда.  

Перфиловтар жанұясында өз өмірін зауыттағы жұмыспен байланыстырған жалғыз Александр емес. Оның ағасы Иван – металл ісінің токарі. Зауыт еңбеккері заманауи құрылғылардың арқасында кейбір жұмыстар автоматтандырылса да, бұрынғыдай өз ісіңе деген жауапкершілік пен тәртіп басты назарда болуы керек деген ойда.

Иван Перфилов, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ токарі:
40 жыл бойы зауытта жұмыс істесем де, әр бөлшекті жасауға аса жауапкершілікпен қараймын. Сондай-ақ бір ерекшелік енгізуге тырысамын. Осы кәсіпорынға жұмысқа келгеніме еш уақытта өкінген емеспін.  

Ағалы-інілі шеберлер өндірістік цехтарда жұмыс істесе, Александр Перфиловтың жұбайы Галина еңбекті жоспарлау бөлімінде жетекші маман қызметін атқарып жүр. Ал олардың ұлы Алексейдің зауытқа орналасқанына не бары 5 жыл. Отбасындағы еңбекке деген ынтаны көріп өскен Алексей Перфилов та аз уақытта өзін білікті маман ретінде көрсете білген.

Алексей Перфилов, «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ жетекші маманы:
Зауытта жастарға ерекше көңіл бөлінеді. Ұжымда да әрдайым қолдау көрсетіледі. Жалақымызды уақытында алып тұрамыз. Арасында сыйақылар да беріледі.   

Алексейдің қарындасы да жақында зауытқа жұмысқа орналаспақ ниетте. Елбасы өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында барша қазақстандықтарды ел игілігі жолындағы еңбекке шақырған болатын. Перфиловтар отбасы – осындай еңбекқор жанұяның үлгісі бола алады.

Инеш Шоқақова