Өнеркәсіп

«Единство» биыл 250 млн теңгенің тапсырысын орындамақшы



 

«Единство» ЖШС 1999 жылы отандық нарықта зор сұранысқа ие темір-бетон құрылыс материалдарын шығаруды елімізде бірінші болып қолға алған. Іргесі қаланған жылы 1 млн теңгенің өнімін шығарса, бүгінде қуаттылығы 500 есеге артыпты. Бастапқы 10 түрлі темір- бетон бұйымдары бүгінде 250 түрге жеткізілді.

 Марат Мергенов, “Единство” ЖШС директоры:
– Құрылыс -2020 басталып жатыр.
Онда обектілер көп. Үйлер, бірнеше аурухана, мектеп, балабақша бар. Соның арқасында жұмысымыз көбейіп жатыр. Соған қарап біз де ұмтылып жатырмыз.

Халық даналығы “Еңбек түбі – береке” дейді. Жуырда серіктестік жарық бағаналарын құюды қолға алған. Енді бір тың бастама канализациялық құдықтардың қақпағын әзірлеу ісі де алға басыпты. Кәсіпорын биылдан Қазақстанда бірінші болып теміржол саласына аса қажет бетон шпал әзірлеуге кіріспек. Бұл мақсатта алған білімдері мен ұшқыр ойларын үйлестіре білетін жас мамандарға үлкен сенім артылып ртыр.

Марат Мергенов, “Единство” ЖШС директоры:
Президент айтқандай жастарға мамандықтар беріліп жатыр. Көбі бізге практикаға келеді. Біз соларды үйретіп жатырмыз. Жұмыс болса бәрі болады. Біз осыны қолдаймыз.  

Өндіріс ошағындағы шығарылатын өнімнің 80 пайызы қазақстандық мазмұнда жасалынады. Бүгінде мұнда 85 жұмысшы еңбек етіп жатыр. Көбі жас болса да, өз ісінің білікті мамандары. Иван Ситников –  “кәсібі бардың нәсібі бар” екендігін өз тәжірибесінен байқап көрген жұмысшылардың бірі.

Иван Ситников, “Единство” ЖШС бас инженермеханигі:
СҚМУ көлікқұрылыс факультетін аяқтап, бірден осында мамандығым бойынша қызметке тұрдым. Еңбек жолымды қарапайым механиктен бастап, 6 жылда бас инженер қызметіне дейін көтерілдім.   

Олег Пунько өткен жылы зауытқа «Жастар тәжірибесі» бағдарламасымен келген 7 адамнан жалғыз қалған. Өзгелері берілген жұмысты ауырсынып тастап кетіпті.

Олег Пунько, “Единство” ЖШС механигі:
Көбі тым ауыр кәсіп деп жатады. Шынымен оңай іс емес. Десе де бұл шаруаны да біреулер атқару керек. Ең бастысы өзіме ұнайды. Жалақы уақытында беріліп тұрады. Еңбек етем деп құлшынып тұрған жанның қолынан бәрі келе береді деп ойлаймын.

Кәсіпорын соңғы жарты жылда ғана 100 млн теңгенің тапсырысын орындады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті үш есеге арттыру көзделіп отыр.

Жеңіс Ермұқанов