Билік

“Нұр Отан” ХДП облыстық филиалы Саяси кеңес Бюросының отырысы



 

Алғашқы жартыжылдықта өңір өндірісінде өсім байқалған. Бірақ, кемшін тұстары да бар. Жиынға қатысушылар мәселені шешу жағын ойластырды. Өйткені, кейбір аудандарда Индустриаландыру картасы жоқ болып шықты. Атап айтсақ, олар Мамлют, Уәлиханов және Шал ақын аудандары. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы бойынша бірқатар аудандардың кәсіпкерлері биыл субсидия алуға мүлдем ниет танытпапты.  Үстіміздегі жылы Индустриаландыру картасы аясында 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Соңғы екі жылда қосылған 20 жобаның бүгінде бірнешеуі жартылай ғана жұмыс істесе, біреуі сол қалпында жай тұр. Ол – “Баско” ЖШС ет өндіретін кешені. Қайрат Бекенов бұл нысан жуық арада қомақты қарызын жауып, өндірісті бастайтынын жеткізді. Есіл ауданындағы макарон өнімдерін шығаратын “Егін” ЖШС тауарын өткізетін орын таба алмай жүр. Бұл мәселенің шешімін Серік Біләлов көрсетті.

Серік Біләлов,  СҚО әкімі:

– Жәрмеңкеге қатыстыру керек.Есіл ауданы бойынша Явленка, Корнеевка, Покровка және Петровка елді мекендерінде сауда нүктелерін ашу қажет және маркетиниг жүйесін жасауға көмек беру керек.

Елбасы тарапынан сыбайлас жемқорлықпен күреске баса мән берілетіні белгілі. Бүгінде өңірде 2011-2015 жылдарға арналған жемқорлыққа қарсы әрекет ету бойынша бағдарлама іске асуда. Облыс әкімдігінің бөлім меңгерушісі Юрий Наумочкин осы бағытта жыл басынан бері 700 мемлекеттік қызметкердің оқытылғанын айтты. Сөйтсе де, мемлекеттік органдар өкілдері арасында бармақ басты, көз қыстылық әлі де баршылық.

Серік Біләлов, “Нұр Отан” ХДП СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қандай жұмыстар жүргізілуде? Округ әкімдері мен мектеп директорлары арасында жұмысқа таныстарын орналастыру жиі кездеседі. Не себептен мұндай көрсеткіш азаймай отыр?

Юрий Наумочкин, облыс әкімдігінің мемлекеттік-құқықтық бөлімінің меңгерушісі:

– Адамдар мен мұндай жағдайға кезікпеймін деп ойлайды. Олар заңды аттап өтеміз десе де, біз оған жол бермейміз. Қылмыскер жазасын алуы қажет. Ведомствоаралық комиссияның отырысы да өз нәтижесін беруде.

Юрий Наумочкин сыбайлас жемқорлықтың өткен жылмен салыстырғанда екі есеге азайғанын жеткізді. Бюро отырысында қаралған әрбір маңызды мәселе бойынша қаулы қабылданды.
Сондай-ақ, жиын барысында облыстық мәслихат депутаты және Петропавл теміржол бөлімшесінің бастығы Петр Мелашенкоға теміржол вокзалының атауын қазақ тіліне аудару ұсынылды.

Данаш Хамзина