Билік

Мемлекеттік органдардағы заңбұзушылықтар тәртіптік кеңес отырысында қаралды

 

 

Тимирязев, Уәлиханов аудандарында және Петропавл қаласындағы мемлекеттік органдарда жүргізілген тексеріс барысында көптеген заңбұзушылықтар анықталған. Мемлекеттік қызметшілерді аттестаттау, жұмысқа алуда жарияланатын байқауларды өткізу тәртібін сақтамау сияқты кемшіліктерге көптеп жол берілген.  

Мемлекттік қызмет істері жөніндегі Агенттік мамандары Тимирязев ауданында 31 мемлекеттік органда тексеріс жүргізген. Олардың ішінде тек қаржы бөлімі, Ақсуат және Москворец ауылдық округтері әкімдерінің аппараттарында ғана олқылықтар жоқ. Өзге органдарда анықталған кемшіліктер көп жағдайда қызметшілердің өз жұмысына салғырт қарауынан болған.

Дулат Тайшыбай, ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттіктің СҚО бойынша басқармасының бөлім бастығы:
-Кемшіліктердің негізгі бөлігі аттестаттау, байқауларды өткізу талаптарын сақтамауға байланысты. Барлығы 34 заңбұзушылық анықталды.
 

Әрі мұндай кемшіліктер жылдан-жылға өсіп келетін көрінеді. Осы жағдай неліктен орын алып отыр. Бұл сұраққа аудан әкімі Қайрат Қасеновке жауап беруге тура келді.

 Тілеген Қаскин, ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі Агенттіктің СҚО бойынша басқармасының бастығы, тәртіптік кеңес төрағасы:
-2011 жылы анықталған кемшілік саны 86 болса, 2012 жылы 105-ке дейін өскен. Қандай шаралар қолға алынуда? Неліктен өсім байқалады.

Қайрат Қасенов, Тимирязев ауданының әкімі:
-Кемшіліктер бөлім мамандары мен ауылдық округ әкімдерінің заңдарды жетік білмеуінен орын алды.
Тексеріс қорытындысы бойынша 6 жергілікті атқарушы органның жетекшісі, 5 ауылдық округ әкімі, 1 мемлекеттік мекеме бастығы тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ 5 мемлекеттік қызметшіге әкімшілік айыппұл салынды.

Уәлиханов ауданында да тексеріс жүргізілген. Мұнда да барлық дерлік мемлекеттік органдарда олқылықтарға жол берілген.

Жанат Жұмабаев, тәртіптік кеңес хатшылығының меңгерушісі:
Қаржы бөлімінде бекітілген комиссияда хатшы жоқ, тәртіптік жауапқа тартылған мемлекеттік қызметшіден түсініктеме алынбаған. Ақбұлақ ауылдық округінде бас маманның міндетін атқарып жүрген мемлекеттік қызметші 19 қазанда ант қабылдаған. Ал ол қызметке тек қарашаның бірі ғана тағайындалыпты. Амангелді ауылдық округінде бір жылдан астам уақыттан бері мемлекеттік қызметші ант бермеген.

Аудан әкімі кінәлілердің жауапқа тартылғанын айтады. Ал ауылдарда жемқорлықтың алдын алу жұмыстары қарқынды түрде жүріп жатқан көрінеді. Облыс орталығындағы мекемелерде де кемшіліктер жоқ емес. Барлығы 207 заңбұзушылық анықталыпты. Тәртіптік кеңес мүшелері Тимирязев, Уәлиханов аудандары мен Петропавл қаласының әкімдеріне тиісті шараларды қолға алып, кемшіліктерді жоюға ұсыныс жасалды. Сондай-ақ отырыста кеңес мүшелері тағы екі тәртіптік іс қарады. Тайынша ауданы ауыл шрауашылығы және ветеринария бөлімінің бастығы Азамат Сабыров салық декларациясында көлігін көрсетпеген. Ал Жамбыл ауданының әкімі Серік Ыбраев жергілікті мемлекеттік басқару заңнамасының талаптарын сақтауға келгенде немқұрайдылық танытқан. Мемлекеттік қызметшілер тәртіптік жауапқа тартылатын болды.

Айымгүл Әбілева