Білім

«Инновациялық форсаж»



 

 Инновациялық автобус – бұл озық ойлар мен үздік жобаларды жинайтын көлік. Инновациялық бизнес-жоспарлар сайысы 2005 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. 2 жыл бұрын аталған байқаудың телевизиялық нұсқасы жіберілген болатын. Басты мақсат – жаңа идеялардың жүзеге асуына демеу беру. “Техникалық даму жөніндегі ұлттық агенттік” өкілдері енді ел аралап жас ғалымдар, дарынды өнертапқыштар мен болашақ кәсіпкерлерді ізестіруге тағы кірісіп отыр.

Қыдырма Тоқмұрзин химия саласына өмірінің 40 жылын арнаған. Ол жол құрылысына аса қажет қосқыш ойлап тауыпты. Бұл реагентті жергілікті кәсіпкерлер шетелден қымбатқа сатып алады екен. Ал Қыдырма Тоқмұрзин химиялық затты жасаудың ең оңай жолын ашқан.

Қыдырма Тоқмұрзин, химия ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі:

– Бұл реагентті қосса, битум тасқа жабысып қалады. Содан кейін битумның төзімділігі артады, қызметі ұзағынан жетеді. Суға да, суыққа да төзетін эффект береді.

“Киров атындағы зауыт” мамандары электроника саласындағы  жаңалықпен таныстырды. Спутниктік қабылдағыштардың тек Қазақстанның ғана емес, алыс шетел арналарын көрсетуге қауқары бар.

Анастасия Денисова, “С.М. Киров атындағы Зауыт” АҚ маркетологы:

-Қазақстан 2015 жылға жақын толығымен сандық телевизияға ауыспақшы. Бүгінде біздің зауыт бірінші болып бұған қол жеткізу үшін әрекет етуде. Қалыпты спутниктік қабылдағыш жасап шығардық. Өткен жылы өнім Қазақстанның үздік тауары атанды.
Көрмеде, сондай-ақ, түрлі тауар өнімі ұсынылды. Жергілікті “Изолит”, “Мұнаймаш”, “Құрғақ бетон қоспалары зауыты” мен “Зиксто” кәсіпорындары да өздерінің озық деген технологияларын паш етті.


Комиссия мүшелері таңдап алған жобалар қыркүйек айының соңында “Инновациялық форсаж” телебағдарламасына қатысады. Жоба жеңімпазы 7,5 млн теңге көлеміндегі жүлдеге ие болады.

Данаш Хамзина