Аптадағы маңызды жаңалықтар

Атаулы көмек шын мұқтаждарға берілуі керек

 

 

Бүгінгі таңда біздің қоғамда еңбекқорлықтың бәсең тартып, жалқаулыққа бой алдыру белең алып бара жатқаны жасырын емес. Түрлі себептерді сылтауратып, ешқандай жұмысқа барғысы келмей, тек атаулы әлеуметтік көмек немесе жәрдемақымен күнкөріп отырғандар баршылық. Олар мемлекет ұсынып отырған мүмкіндікті пайдалануға асықпайды деді облыс әкімі

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Шын мәніне келгенде, жәрдемақы төлеуге негіз жоқ жағдайлар кездеседі. Өз шаруашылықтары бар. Малды туған-туысқандарының атына ресімдейді де, 30-40 жас аралығындағылар жәрдемақы алады. Мұндай бейқамдық жылдан-жылға белең алып келеді. Яғни, мемлекет есебінен күн көріп, еліне ешбір пайда келтірмейді, еш еңбегін сіңірмейді.

Жыл сайын атаулы әлеуметтік көмекке 200 млн. теңгеден артық қаражат бөлінеді. Бұл көмекті 5 мыңнан астам солтүстікқазақстандық алады. Әлеуметтік төлем алатындарды еңбекке тарту олардың қатарын азайтуға мүмкіндік береді дейді мамандар.

Асқар Сақыпкереев, СҚО халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бастығы:
-Мемлекет басшысының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында бірінші кезекте азаматтардың санасын өзгертуге басымдық берілген. Өткен жылдардың тәжірибесіне сүйенетін болсақ, халық арасында барлық қажеттілікті мемлекет қамтамасыз етуі керек деген сенімді ой-пікір қалыптасқан.

Мұндай әлеуметтік бейқамдықты жеңу оңай емес. Облыс кәсіпорындарында білікті мамандардың тапшылығы жұмыс орындарының жетіспеушілігімен қатар тұр. Осыған байланысты көптеген ауыл тұрғындары вахта әдісімен еңбек етуге мәжбүр.

Серік Біляәлов, СҚО әкімі:
– Бұл жағдай неліктен орын алған? Әлде кәсіпорын жетекшілері жергілікті тұрғындарды жұмысқа алмай ма?
Ал вахта әдісімен жұмыс істеудің шығыны көп қой. Жолы, тұратын жері, тамағы бар.

Жалақының аздығы мен денсаулығының нашарлығын айтып, жұмыс істегісі келмейтіндердің қатары қалың. Олар еңбекке жарамды бола тұра, мемлекеттен әлеуметтік көмек сұрайды. Мұндай отбасылар облыстағы жәрдемақы алатындардың 30 пайыздан астамын құрайды. Ал шын мәнінде қаржылай көмекке зәру жандар – зейнеткерлер, мүгедектер, жалғызбасты аналардың үлесі көп емес.
Серік Біләлов; СҚО әкімі:
Кейбір азаматтар жеке шаруашылығы бола тұра, жәрдемақы алады. Өзге отбасының атына тіркелгенімен, мал оның қора-жайында емес пе. Учаскелік полицейлерді, ветеринар мамандарды бұл жұмысқа тарту керек.

Дегенмен, әлеуметтік бейқамдықпен тиімді күрес жүргізіп жатқан ауылдар баршылық. Бұл Аққайың ауданындағы Шағалалы ауылдық округі, Мамлют ауданындағы Леденев және Қызылжардағы Налобин ауылдық округтері. Жергілікті әкімдер еңбекке жарамды халықты жұмыспен қамту үшін жүйелі іс-шараларды қолға алған көрінеді.

Гүлмира Добромирова, Шағалалы ауылдық округінің әкімі, Аққайың ауданы:
Егер адамның жұмысы болмаса, оған оқып, мамандық меңгеруге мүмкіндік беру керек. Мұндай азаматтарға мемлекеттің қолдауы үлкен. Менің ойымша, еңбекке жарамды тұрғындар қол қусырып мемлекетке қарап отырмай, жұмыс істеуге, кәсіп жасауға ұмтылуы тиіс.

Серғали Сәрсенбаев,  Леденев ауылдық округінің әкімі, Мамлют ауданы:
-Менің ойымша, балаларды ерте бастан еңбекке баулыған жөн. Ертең олар ер жеткесін оқуға түсу керек екенін, кейін жұмыс істеу қажеттігін санаға сіңіру керек. Біздің округте 18 отбасы, 81 адам тұрады, оның 38-і балалар. Еңбекке жарайтын тұрғындар барлығы жұмыспен қамтылған.

Жиын қорытындысы бойынша, Серік Біләлов аудан әкімдеріне әлеуметтік көмек алатындарды тексеріп, талдау жасауды тапсырды. нәтижесінде еңбекке жарамды тұрғындар “Жұмыспен қамту- 2020” және аумақтарды дамыту бағдарламаларына қатысуға тартылатын болады.

Айымгүл Әбілева