Мәдениет

Алматылықтардың гала-концерті

 

 

Соңғы рет Петропавлдағы Алматы қаласының мәдениеті күндері тәуелсіздіктің алғашқы жылдары өтіпті. Араға біраз уақыт салып, өңіріміздің үлкен сахнасында құлақтың құрышын қандырар думанды кеш өтті. 

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Қымбатты қонақтар, біз сіздерді Алматы қаласының мәдениеті күніне орай Солтүстік Қазақстан жерінде қарсы алуға қуаныштымыз. Барлық сала бойынша тығыз қарым-қатынас орнайды деген сенімдемін. Бүгінгі өтетін мәдени шара соның айғағы.

Өз кезегінде сөз алған Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов жергілікті халықтың ыстық ықыласты қонақжайлығын ерекше атап өтті.

Серік Сейдуманов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары:
Ағынтай, Ер Жабай сынды батырлар мен аруақты палуандар, «Елімай» әнінің авторы Қожаберген жырау, Сегіз Сері, Шал ақын, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, И Шухов сынды атақты ақын жазушыларды сыйлаған өлкенің қадір-қасиетін алматылықтар жақсы біледі. Алты алашқа танылған осы азаматтардың есімдерін қастерлей біледі.

Атам қазақ “Өнерлінің өрісі кең” деп біліп айтса керек. Залда ине шаншар жер жоқ. Әуелеген әуезді кеш ұсынған қонақтардың тартуын өнер сүйер қауым ұйып тыңдады. Сахна төріне шыққан алматылықтардың халқымызға рухани азық болар таңдаулы туындылары жетерлік.

Ұлттық аспаптардың қоңыр сазын үндестірген ансамбль, күміс көмей әншілердің әсем әні мен тәтті күй, мың бұралған биші қыздар көрерменді орындығына таңып, өзіне еріксіз елітті. Қазақ эстрадасында өркен жайған бүгінгі жұлдыз Нұржан Керменбаевтың орындауындағы Шәмшінің “Әнім сен едің” өлмес туындысы көптің жанын елжірете түсті. Мәдени-достық гала-концертінде өнердің ыстығына күйіп, суығына тоңып шыңдалған шеберлер де аз болмады. Осындай дарынды, парасатты әртістердің еңбегі зая кетпегенін басты сыншы өнер сүйер қауымның ыстық ықыласты шабытты шапалағынан аңғаруға болды.

Жеңіс Ермұқанов