Энергетика

“Севказэнергосбыт” ЖШС өз қызметінің құнын көтермекші


 

“Севказэнергосбыт” ЖШС облыс пен қаланы жарық және жылу энергиясымен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын өз тарифын соңғы рет 2009 жылы өзгерткен. Енді  монополист энергия жабдықтау  үстемесін көтеруді сұрап отыр.

Нелли Бабакехян, ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің СҚО бойынша департаменті бастығының орынбасары:

-Жылудың жалпы тарифы үш тарифтен құралады: олар жылу энергиясын өндіру құны, жылу энергиясын тасымалдау мен тарату бағасы және осы қарастырылып жатқан жабдықтау үстемесінің тарифы.

Өздерінің өтінішін «Севказэнерго» басшылығы соңғы үш жылдың ішінде тауар мен қызметтің қымбаттағанымен түсіндіруде. Айырмашылықты өз қалтамыздан төлеп, шығынға ұшырап жатырмыз дейді.

  Мағауия Сағындықов, “Севказэнергосбыт” ЖШС директоры:

– Мынаған мән беру керек, біздің үстемеақы шамалы ғана. Ол жалпы тарифтың тек 0,9 пайызын ғана құрайды. Жылу энергиясын өндіру мен тасымалдау қызметінің құны өсті. Сол сбептен біз де жабдықтау үстемақысын көтеруді сұрап отырмыз.

«Севказэнергоның» тарифты көтеру жобасын талқылауға депутаттар мен әуелден осындай жиындарға қатысып жүретін тұрақты тыңдармандар келді. Олар кәсіпорын өкілдеріне сұрақтарын жаудырды. Энергия жабдықтау тарифын көтеру – бұл, әзірге жоба ғана. Нақты тариф мәселе түпкілікті талқыланып болған соң тамыз айының соңында бекітіледі.

 Данаш Хамзина