Аптадағы маңызды жаңалықтар

Орақ науқанын қыркүйектің 20-на дейін аяқтау көзделіп отыр

 

 

 

 

 

Жаздың аптап ыстығы диқандарды сары уайымға салғаны рас. Алайда, бидайдың элиталық түрлерін өсірумен айналысатын «Тұқым» серіктестігі қуаңшылықты сылтауратпай, алқаптарында ылғал сақтау технологиясын жүргізген. Күткендей, бидай да бітік шығыпты.

Евгений Дубов,  «Тұқым» ЖШС бас агрономы:

-«Тұқым» ЖШС   элиталық бидайдың 5 түрін өсіріп, сатады. Алдағы уақытта жаңа сұрыптарын егуді жоспарлап отырмыз. Жылына 5 мың тонна астық жинап, оны өзіміздің элеваторда кептіріп, сақтаймыз. Тұқымымыз сұранысқа ие. Биыл 21 мың 332 гектар жерге дән сіңірдік.

Агроқұрылым егінді ерте жинауға кірісіпті. Өйткені  тамыз айында ауа  райы құбылмалы болады. «Сондықтан, жиын – терімге кірісу керек», – деді облыс әкімі.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Алқаптардың шығымдылығына байланысты күзгі дала жұмыстарын қазірден бастап, қыркүйектің 20 – сына дейін аяқтау керек. Үлгермесек, бидай далада қалады. Сосын, астықты өткізуге асықпаңыздар. Баға қазан айында белгілі болады.

Семинар-кеңеске қатысушылар ауыл шаруашылығы техникаларының көрмесін аралап, олардың мүмкіндіктерімен танысты. Мұнда өнімділігі жоғары 50 – ге жуық заманауи техника қойылған.
Бұдан соң облыс әкімі Серік Біләлов орақ науқанын пысықтау жөнінде жиын өткізді. Биыл теріскейлік диқандар майлы дақылдар алқаптарын арттырып, егін шаруашылығын әртараптандыруға көшті. Ендігі міндет – астықты рәсуәсіз жинап алу. Алайда, істен шыққан техникалар тұрып қалуда.

Айдарбек Сапаров, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:

-Техникаларға сервистік қызмет көрсету жағы көңіл көншітпей тұр. Жөндеу жұмыстары сылбыр жүргізілуде. Сайман тапшы. Салдарынан, техникалар ұзақ тұрып қалуда. Жалпы, биылғы орақ науқанына өнімділігі жоғары 2200 техника жұмылдырылады.

Агроқұрылымдар күзгі дала жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін арзан бағамен 70 мың тонна жанар – жағармай таратылуда. Жиын барысында шөп шабу науқаны да сөз болды. Қазір аймақта 660 мың тонна мал азығы дайын. Өңір басшысы бұл жұмысты тоқтатпай жалғастыруды тапсырды.

Материалды «Қазақстан-Петропавл» телеарнасының тілшілері дайындады