Бизнес және экономика

Облыстың жарты жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы


 

Соңғы 6 айда өңірде өндіріс саласы дамып, сауда- саттық біршама артқаны байқалып отыр. Бұл негізінен индустриялық- инновациялық дамудың жемісі дейді облыс әкімі Серік Біләлов өз баяндамасында. Бүгінде индустрияландыру картасына 42,3 млрд теңгенің 30 жобасы енді. Осының арқасында ғана 2 мың жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Биыл 2 жоба іске қосылды. “Петропавл құрылыс материалдары» зауытынның өндірісі кеңейтілді. Қызылжар ауданында асыл тұқымды мал кешені салынды. Жыл соңына дейін тағы 4 жоба қоланысқа беріледі. Өндіріс кешендерін жаңартудың арқасында соңғы жарты жылда 53 млрд теңгенің өнімі шығарылды. Бұл өткен жылғыдан 7 пайызға артық.
Ұн үгу 50 пайызға, сұйық май өндірісі 3 есеге артты.  

Аграрлық өңірдің өткен жылғыдай рекордты астық жинамаса да биылғы орақ науқанында ырыс дәнін ысырапсыз бастыру мүмкіндігі бар. Бұл тың технологиялық үрдістердің арқасы. Біркелкі шыққан бітік егінді құлатуға танап басына 9 600 комбайн жұмылдырылады. Оның 700-і биыл сатылып алынған кешен. Серік Біләлов бидайды қайда құйып, қалай сақтау жөнінде мәселе туындамайтынын жеткізді.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– Биылғы орақ науқанында 5 млн тонна астық жинау жоспарланған. Облысымызда сыйымдылығы 3,4 млн тонналық 52 элеватор бар. Биыл жаңадан 5-і іске қосылады. Бұл тағы да 150 млн тонна дәнді сақтауға мүмкіндік береді. Шаруашылықтардың өздерінде 2,4 млн тоннаға жетерлік қамбалары бар.
Жер өңдеумен қатар мал шаруашылығын дамытуды да қолға алып жатырмыз. Ірі қара мал етінің әлеуетін арттыру бағдарламасы аясында 22 мың бас шетелдік тайынша жеткізілді. Оның 12 мыңы биыл сатып алынды.  

«Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту 2020» мемлекеттік бағдарламалары жоспарға сай жүзеге асырылуда. Ал тұрғын үй құрылысы сәл ақсап қалған. Биыл облыс бойынша 100 шаршы метр баспанада қоныс тойлары тойлануы тиіс. Бүгінде құрылыс жұмыстарының тек 3/1 тындырылыпты. Аймақ басшысы бұл маңызды шаруаға жан бітіріп, қарқын қоса түсуді тапсырды.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
– “Қолжетімді баспана -2020” бағдарламасы аясында өңірімізге 1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қазір көпқабатты 4 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Оның екеуі биыл тапсырылуы тиіс. Қаламыздағы “Солнечный”, “Береке” “Жас Өркен” кенттеріне инженерлік- коммуникациялық желілерді тартуға 1 млн теңгеден астам қаражат құйылды. Оны уақытымен игергеніміз жөн. Тұрғын үй шаруашылығын жаңғыртуды да толықтай орындап шығуымыз керек.
Жылыту маусымына да уақыттан кеш қалмай дайындалуымыз қажет. 

Әлеуметтік салаларды дамыту да жақсы жолға қойылған. Балабақшамен бүлдіршіндердің 82 пайызы қамтылған. “Дипломмен – ауылға” бағдарламасы бойынша 489 жас маман өңір ауылдарында еңбектенуде. Аймақ басшысы жиында депутаттардың сұрақтарына жауап берді.

 Ержан Мүсетаев, облыстық мәслихат депутаты:
– Айыртау ауданындағы мектептің құрылысы биыл қаржыландырыла ма.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

-Өткен сессияда 150 млн теңге бөлінді. Келесі жылы жаңа мектеп болады. Бір жыл шыдай тұру керек.  

Депутаттар жекелеген елді мекендерде таза ауыз су мәселесі де алаңдататынын байқатты. Өңір жетекшісі биыл тіршілік көзінің сапасын жақсартуға 6,8 млрд теңге бөлінгенін жеткізді. Жиналғандарды әуежайдағы жалақы берешегінің қайтарылатындығы қуантты.

Жеңіс Ермұқанов