Көлік және жолдар

Елдің жарқын болашағы еңбекпен байланысты



 

 Николай Кундель 1981 жылдан бері жол жөндеу жұмыстарында жүр. Тәжірибелі маман соңғы 15 жылын “СУ- 808” ЖШС асфальт төсеушісі қызметін атқарады. 6 разрядты өз ісінің хас шебері адам өмірінде еңбектің қаншалықты маңыздылығын жақсы түсінеді.

 Николай Кундель, “СУ- 808” ЖШС асфальт төсеушісі:
– Өзінің өмірлік ісін таба алмаған адам су ішпеген гүлдей солып қалады. Адамды адам еткен еңбек. Өз жұмысым өзіме ұнайды. Көбі тым ауыр кәсіп деп жатады. Бұл шаруаны да біреулер атқару керек. Қай сала болмасын бір- бірімен жіпсіз байлаулы. Елбасының соңғы мақаласы өте орынды, уақытымен шықты.  

Елдің басты құндылығы, әрі күші – халық. Бүгінде республиканың еңбекке жарамды 8,4 млн азаматы тұрақты жұмысқа тартылған. 52 жылдан бері ” СУ-808″ серіктестігі өңірімізде тас жолдар төсеп, оларды қалпына келтірумен айналысады. Қазір бұл жұмыстарға 110 адам мен 36 техника тартылған. Маңызды қызметтің арнайы көліктері тұрып қалмауына Алексей Ли жауап береді.

 Алексей Ли,  “СУ-808” механигі:
– Қазір жөндеу базасында көліктердің бірен-сараны ғана тұр. Бұл біздің жұмысымыздың сапасын көрсетеді. Жарты ғасырдан астам тарихы бар кәсіпорында менің атам, әкем енді мен қызмет етіп келемін. Мен үшін олардың жолын абыройлы атқару парыз деп санаймын . Әр азамат өзіне жүктелген іске аса жауапкершілікпен қараса еліміз қай тұрғыдан болсын гүлдей түседі.  

Халықты табанды еңбек етуге үндеген Президенттің де көздегені осы. Аталмыш серіктестік бүгінде 25 мың тонна асфальт шығарып тапсырысты артығымен орындапты. Интернационал, Брусиловский көшелері мен Вокзал маңындағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған. Осылайша кәсіпорын 300 млн теңгенің жоспарын еңсеріп тастапты.

Жеңіс Ермұқанов