Балалар

Сәбилер ана сүтін еміп өсуі керек



 

Ана сүті сәби үшін теңдесі жоқ, құнарлы, ең таза тағам. Демек, ана сүті нәрлі болса, баласы әлді болады. Бұл мәселеге бүгінде бүкіл әлемде айырықша көңіл бөлінеді. Дәстүрлі түрде жыл сайын тамыз айында апталық жарияланады. Осы шара аясында жас аналар, “Бақытты ата-аналар клубы” интернет-порталының мүшелері кездесіп, аталған түйткіл төңірегінде ой өрбітті. Жоба авторы Ульяна Әшімова өзі жас ана. Сондықтан сәбидің дені сау болуы үшін, ана сүтінің пайдасы қаншалықты екенін жақсы ұғады.

  Ульяна Әшімова, “Бақытты ата-аналар клубы” интернет-порталының авторы:
Мұндай мәселе бүгінде бар. Бүкіл әлемде жаңа туған нәрестелердің тек 32 пайызы ғана алты айға дейін ана сүтін емеді екен. Қазақстанда да осындай көрсеткіш. Дәрігерлер алты айға дейін міндетті түрде баланы емізуге кеңес береді. Дүниеге сәби әкелген жас аналар осы проблемамен бетпе-бет ұшырасқанда, қиналады. Сондықтан ақпараттық-үгіт жұмыстарын кеңінен жүргізу қажет. Бүгінгі кездесуді осы мақсатпен ұйымдастырып отырмыз.

Кездесуге шақырылған мамандар жас аналарға баланы емізудің пайдасы жөнінде жан-жақты әңгімеледі. Ана сүтін емген сәбидің денсаулығы жасанды сүтпен қоректенген балаларға қарағанда анағұрлым мықты болады. Сондықтан мамандар баланы бір жасқа, ал мүмкін болған жағдайда екі жақса дейін де емшек сүтінен ажыртпауға кеңес береді.

  Людмила Лис, қалалық балалар емханасының  педиатрәрігері:
Ана сүті бала үшін ең нәрлі тағам. Ол нәрестенің бойында табиғи иммунитеттің қалыптасуына ықпал етеді. Ана сүтінің құрамында сәбидің дұрыс өсіп-жетілуіне, орталық жүйке жүйесінің қалыптасуына, зат алмасуға қатысы бар пайдалы қоректік заттар жеткілікті. Ана сүтін емген балалардың болашақта жүрек ауруы, қант диабеті, атеросклероз сияқты сырқаттарға шалдығу қаупі төмендейді.”

 Жас отбасыларды бұдан өзге де көптеген мәселелер толғандырады. Енді «Бақытты ата-аналар» клубының мүшелері тұрақты түрде кездесіп, тәжірибе алмасуды көздеп отыр.

Айымгүл Әбілева