Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қызылжар ауданында орақ басталды

 

 

Облыс әкімі Серік Біләлов Қызылжар ауданында арпа жинауды бірінші болып бастаған «Якорь СК» ЖШС-нде болды. Мұндағы барлық техника қызу науқанға жұмылдырылған. Барлығы 453 га аумаққа арпа егілсе, шығымдылық орташа есеппен гектарына 12-14 центнерден айналуда.
Өңір басшысы бұдан кейін серіктестіктің жүгері және бидай алқаптарын қарады. “Якорь СК” биыл 3 мың гектардан астам жерге бидай тұқымын егіпті. Жаз бойы жауын-шашынның аз түскеніне қарамастан мұндағы астық жақсы өсуде. Серік Біләлов ауа райы қолайлы болып тұрғанда бидай оруға кірісу керек екенін айтты.
«Лесное» серіктестігінде де бидай бітік шыққан. Агроқұрылым басшылығы бір гектардан 20 центнер өнім аламыз деп жоспарлап отыр.
Налобин селолық округінде бидай жайқалып тұр. Аймақ басшысы диқандармен сөйлесіп, жағдайларын сұрап білді.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Қазір іске кірісу керек. Тамыздағы орақ қыркүйекте жинағаннан ерекшеленеді. Сосын, элеваторларға асығудың қажеті жоқ, алдымен өздеріңіздегі қамбаларыңызды толтырып алыңыздар. Баға қазір ауытқып тұр. Бидайдың аздығына байланысты құны әлі де өзгеруі мүмкін.

Ал «Орловский және К» ЖШС-нің директоры биыл астық мол болады дейді. Шаруашылық 2,5 мың гектарға бидай еккен.

Владимир Орловский, «Орловский и К» ЖШС директоры:

– Егін шығымдылығы жаман емес. Гектарынан 18-30 центнерге дейін өнім аламыз деген үміттеміз. Маңызды науқанға техникалар дайын. 4 «Енисей»-ге 2 «Есіл» комбайны қосылды. Күніне 500-600 тонна бидай бастыратын боламыз. Сонымен қатар, барлық жұмысшыларымыз қысқы маусымға жем -азықпен толық қамтылды. Мал шаруашылығы да жақсы дамуда.

«Алекри Агро» серіктестігі де 5 мың га алқаптан мол өнім жинап алуды жоспарлауда.

Александр Прядко, «АЛЕКРИ АГРО» ЖШС директоры:

Машина-трактор паркі жыл санап жаңартылуда. 4 «Акрос» және 2 «Вектор» комбайндары орақ науқанына кірісуге дайын тұр. Біз жақсы өнім аламыз деп отырмыз. Барлығы ойдағыдай болса, бір-екі апта ішінде жұмысқа кірісеміз.

Сапар соңында облыс әкімі Серік Біләлов агроқұрылымдарға әр күнді ұтымды өткізіп, ауа райының қолайлы кезін пайдаланып қалуды баса айтты.

Материалды Қазақстан-Петропавл арнасының тілшілері әзірледі