Спорт

Олимпиадаға қатысушыларды қолдау шарасы


 

Лондондағы 30-шы жазғы Олимпиадағы жеңістер тұтас қазақ халқының рухын көтерді. Әзірге  ел қоржыны алты бірдей алтын, бір қола алқамен толықты. Тұманды Альбиондағы жетістіктер тізімінде жаһандағы спорт державаларымен иық тіресе қатар тұрған Қазақ елінің Әнұраны ағылшын астанасында алты мәрте шырқалды.

 Антонина Шершнева, «Бодрость» жүгіру клубының мүшесі:

– Біз Олимпиадаға қатысушыларды қолдау мақсатында келдік. Аламан бәйге басталғалы қуанышты хабарлар үсті-үстіне түсіп жатыр. Қуаныштан басымыз айналуда. Бәрі бір-бірінен сүйінші сұрап жүр.

Жеңімпаздарымызды қолдауға қаламыздың балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің тәрбиеленушілері де келген. Олар үшін Тұманды Альбион жеңімпаздары – үлгі. Спорт десе ішкен асын жерге қойған Валентин Черемнов те Олимпиаданың әрбір күнін асыға күтеді екен.

 Валентин Черемнов, футболдан БЖСМ тәрбиеленушісі:

– Күнделікті еліміздің спортшылары қатысатын жарыс түрлерін асыға күтіп отырамын. Жарыста спортшыларымыздың қол жеткізген жетістігі елді рухани биіктетті. Оларға сәттілік тілеймін.

Лондондағы қазақстандық олимпиада үміткерлерін қолдауға келген жергілікті спортшылар театр алаңында сап түзеді. Ерліктерімен Әнұранымызды асқақтатып жүрген спортышылардың жеңістеріне тілектерін олар жаппай жүгірумен білдірді. Барша әлемнің назарын өзіне аударып отырған Олимпиадаға қатысушылар, әрине, мықты спортшылар.  Олардың төрткүл дүние көз тіккен тартыстардың аяқталуына дейін әлі де толағай табыстарға қол жеткізетініне солтүстікқазақтандықтар сеніммен қарайды.

 Дамир Рамазанов,  “Basis” үкіметтік емес ұйымының “Ресурстық орталық” ҚБ спорттық шараларды ұйымдастырушысы:

– Құрама спортшыларына жетістік, табыс тілеймін. Алда Қазақстан қоржыны медальмен толыға берсін.

Театр алаңынан Тәуелсіздік ескерткішіне дейін жүгірген барлық марафонға қатысушыларға “Basis” үкіметтік емес ұйымының “Ресурстық орталық” ҚБ-і сертификат табыстады.

Әсел Күшенғалиева