Қоғам

Еңбекқор ұжымның тірлігі де берекелі

Федор Волковтың Петропавл ауыр машина жасау зауытында еңбек етіп жатқанына отыз төрт жыл болыпты. Қондырғылардың тілін шебер меңгерген оператор бұл кәсіпті таңдағанына еш өкінбейді. Бүгінде тұрақты жұмысы, лайықты еңбекақысы бар.

  Федор Волков, “ПЗТМ” АҚ операторы:
– Жұмыс әрине ауыр. Бірақ көңілімнен шығады. Еңбегіміз тиісінше жоғары бағаланады. Жұмыс істеуге жақсы жағдай жасалған. Осы зауытқа саналы ғұмырымды арнадым. Әлі де еңбек ете бермекпін.

Осы кәсіпорында Федор Волков өз зайыбын кездестіріп, отбасын құрған. Елена Яковлевна автокөлік техникумын аяқтап, сексенінші жылдары жолдама бойынша Петропавл ауыр машина жасау зауытына келеді. Еңбек жолын техник-технолог болып бастаған ол қазір механикалық цех шеберінің көмекшісі қызметін атқарады.

  Елена Волкова,  “ПЗТМ” АҚ цех шеберінің көмекшісі:
Бүгінгі күні зауыттағы қондырғылар жаңартылып жатыр. Өнімділігі жоғары, қазіргі заманғы құрал-жабдықтар жұмысты біршама жеңілдетеді. Тапсырыстар көп. Қол қусырып отырмаймыз. Еңбек жағдайы да жыл сайын жақсарып келеді.

Осылайша зауытта көп жылдар бойы қажырлы еңбек етіп келетін ата-ана жолын балалары қуған. Инженер-құрастырушы кәсібін меңгерген Александрдың зауытқа келгеніне екі жыл болыпты. Ал Юлия есепші болып жұмыс істейді. Олар бүгінгі күні елімізде жастарға бар мүмкіндіктің жасалғанын айтады. Тек ынта-жігер танытып, ерінбей еңбек ету қажет.

  Юлия Левина, “ПЗТМ” АҚ есепшісі:
Қазірде елімізде жастарға қолдау үлкен. Бар жағдай жасалған. Оқытып, жұмысқа орналастырып жатыр. Тек өзіміз ниеттеніп, қажырлы еңбек етсек, жемісін көруге мүмкіндік бар. Зауытта жұмыс істеп жатқаныма он жыл болды. Ата-анамыздың еңбек жолын жалғастырғаныма қуаныштымыз.

Осылайша, Волковтар жанұясы кәсіпорынның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Бүгінде Петропавл ауыр машина жасау зауытында Волковтар секілді сегіз отбасы еңбек етеді екен. Ұрпақтар сабақтастығы бұл біздің игі дәстүріміз дейді кәсіпорындағылар. Жалпы қазір өндіріс ошағында мың екі жүз адам жұмыс істейді. Зауыт ұжымының тынымсыз еңбегі мен қажыр-жігерінің арқасында өндіріс көлемі жыл сайын артып келетін көрінеді. Биыл бұл көрсеткішті жеті млрд. теңгеге жеткізу көзделіпті.

Айымгүл Әбілева