Қоғам

Еңбек адамының мүддесін қорғау – кәсіподақтар қызметінің басым бағыты

 

 

 Кәсіподақ ұйымдарының негізгі мақсаты жұмысшылардың әлеуметтік мүдделерін қорғау. Табысты қызмет етуге оңтайлы жағдайлар жасалғанда ғана еңбек өнімділігі арта түсетіні мәлім. Сондықтан Елбасы халықты   іспен айналысуға үндеген соңғы мақаласында алдымен аталмыш қоғамдық бірлестіктерді жаңғыртуды қолға алуды тапсырды. Президент бұған жаңа дем беру үшін еңбек кодексі мен ұжымдық келісім шарттарға заман талабына сай өзгертулер мен толықтырулар  енгізген жөн дегенге баса тоқталған болатын.

 Назымбек Оразымбетов, “СҚО білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы” ҚБ төрағасы:
-Президенттің негізгі қойған мақсаты еңбек адамының беделін көтеру. Мұғалімнің беделін қалайша арттырамыз. Қосымша төлемақылар төленіп жатыр. Қызметкерлерге жазғы демалыста төленетін қосымша ақы кіргізілді. Соңғы екі-үш жылда еңбекақылары екі есеге өстті. Жұмысшы өзіне деген мынадай жағдайлар жасалып жатқасын, дұрыс еңбектеніп республиканың алға басуына жағдай жасайды деп ойлаймын.

Назымбек Оразымбетов бастаған ұйымда өңіріміздің білім саласының 30 мыңға тарта өкілі мүшелік етеді. Ұлағатты ұстаздарды  9 жыл қатарынан сыналып келетін ҰБТ сапасына жан бітетіні де қуантып отыр. Білім деңгейін осылайша тексеруден өткізу қоғамда түрліше бағалануда. Жыл сайын түлектер мен оқытушылар, сынақты бақылаушылар тарапынан заң бұзушылықтар орын алып жатады. Өз мақаласында бұл кемшіліктерді сынға алған Елбасы Білім беру туралы Заңға өзгерістер енгізу керектігін баса айтты.

 Назымбек Оразымбетов, “СҚО білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы” ҚБ төрағасы:
– ҰБТ байланысты мәселе қойылып тұрғандықтан ұстаздар алдында өздерінің сапасын арттыру міндеті тұр. ҰБТ қатыстыру, қатыстырмау деген сөзді қозғаудың қажеті жоқ. Біз балалардың психологиясына кері әсер етуіміз мүмкін. Тек жақсы сапалы дайындық қана оны алға итермелейді.  

Бұл мақсатта енді оқытушылардың біліктілігін арттыру уақыты 6 айға дейін ұлғайтылмақ. Қайта даярлау курстарына қатысушыға төленетін қосымша ақы да екі есеге артатын болады. Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде қоғамда жалпы білім беретін мектептердегі сапалы біліммен қатар ұлттық саналы тәрбие үдерістерін де  ерте кезеңнен бастау керектігіне тоқталып өтті.

  Назымбек Оразымбетов, “СҚО білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы” ҚБ төрағасы:
Тарих, қазақ әдебиеті сабақтарында тіпті қосымша бір жарты сағат ұлттық патриотизм жөнінде бір жүктеме кіргізілсе де ешқандай артықшылығы болмайды деп ойлаймын. Өткенді, бүгінгі, және ертеңгі жоспарларды айтып отырсақ оқушылардың болашаққа деген сенімі арта түседі.  

Назымбек Оразымбетов осы екі маңызды қасиетті үйлестіріп қана аса білікті, жауапты, өз ісінің хас шеберін түлетуге болатынына сенеді.

 Жеңіс Ермұқанов