Көлік және жолдар

Таксишілер әкімшілік жауапкершілікке тартылды

 

 

Бүгінде Петропавлда жолаушылар тасымалымен негізінен астында көлігі бар қатардағы қала тұрғындары айналысады. Ал бұл такси жүргізушілері көп ретте тиісті талаптарды сақтай бермейді дейді мамандар. Айталық, көлік инспекциясы облыстық филиалының қызметкерлері биыл шілде айында ғана ереже бұзған 12 таксисті әкімшілік жауапкершілікке тартыпты. Олар 113 мың теңге көлемінде айыппұл төлеген.

Қанат Төлепұлы, СҚО бойынша көлік инспекциясының бастығы:
– Жолаушылар және багаж тасымалдау қағидасы бар. Таксилер сәйкес келмейді. Олар медициналық тексеруден өту керек, шығар кезде техникалық байқаудан өту керек.Таксилер стандартқа сәйкес келуі қажет.

Жолаушылар тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сапасын көтеру үшін арнайы мамандандырылған такси парктерін құру қажет деген пікірде мамандар. Бұл орайда тиісті жағдайды жасауға мүмкіндігі бар “Партнер-Авто” ЖШС-гі үлгі бола алады. Кәсіпорынның қажетті қондырғылармен жабдықталған өндірістік-техникалық базасы бар. Көлікті техникалық байқаудан өткізетін білікті мамандар жұмыс істейді. Мұнымен қатар жолаушыларды тасымалдайтын жүргізушілер міндетті түрде күнделікті медициналық тексеруден өтеді.

  Болат Рахымов, “Партнер Авто” ЖШС директоры:
“Партнер-Авто” ЖШС  бүгінгі күні қаладағы жалғыз таксомотор  паркі екенін айтуымыз керек. Бізде бекітілген арнайы тәртіп бар. Жүргізуші күнде жолға шықпас бұрын медициналық тексерістен өтеді. Механиктер оның көлігін мұқият қарайды. Содан кейін ғана барып жолаушыларды тасымалдауға шығады. Жұмыс кестесі бар. Мұның барлығы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Такси паркінде қазіргі күні жиырма көлік бар. Жүргізушілердің барлығы бекітілген ережелерді сақтауға мүдделі.

Сергей Саракун, жүргізуші:
Күнде көліктің жағдайын байқаймыз. Егер жөндеуді қажет етсе, тасымалдауға жіберілмейді. Медициналық тексерістен өтуге де міндеттіміз. Бұл дұрыс деп ойлаймын. Жолаушылар тасымалының сапасы тиісті деңгейде болады.

Айта кетейік, жолаушылар тасымалы ережесін бұзған жүргізушілер – 5, ал заңды тұлғалар 25 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл төлейді. Ереже қайталап бұзылса, айыппұл көлемі айтарлықтай арта түседі.

Айымгүл Әбілева